$ 491.37  570.48  6.78

«Сені сүйемін, Қазақстан»: оңтүстіккореялық актриса Со Джу Ён Алматыдан алған әсерімен бөлісті

Әлеуметтік желі қолданушыларының ерекше назарын Со Джу Ённың жарияланымдарында қазақ тілін қолдануы аударды.

Фото: Алматы әкімдігі
Фото: Алматы әкімдігі

Танымал оңтүстіккореялық актриса әрі модель Со Джу Ён (So Ju Yeon), Dr. Romantic және A Love So Beautiful телехикаяларындағы рөлдері арқылы кеңінен танылған өнер иесі Алматыға келіп, сапары туралы әлеуметтік желілерде бірнеше жазба жариялады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Сапар барысында актриса Үлкен Алматы көлінде, Көлсай және Қайыңды көлдерінде, Шарын шатқалында болып, Іле Алатауында жаяу серуенге шықты. Өз жазбаларында ол Алматы табиғатынан алған әсерімен бөлісіп, таулы бағыттарды, туристік көрікті орындарды және қазақтың ұлттық тағамдарын, оның ішінде бауырсақты таныстырды.

Әлеуметтік желі қолданушыларының ерекше назарын Со Джу Ённың жарияланымдарында қазақ тілін қолдануы аударды. Фотосуреттердің астында "Сені сүйемін, Қазақстан", "Рақмет" және "Көріскенше, Қазақстан" деген сөздер жазылып, Қазақстанның туы қойылған.

Жалпы актриса сапарына арналған бес жеке жазба жариялады. Контент оның 735 мың жазылушысы бар @_yeonjuso ресми Instagram парақшасында орналастырылды. Жарияланымдар түрлі елдердегі қолданушылардың қызығушылығын тудырып, халықаралық аудиторияны Алматының туристік әлеуетімен, табиғи көрікті жерлерімен және гастрономиялық мәдениетімен таныстырды.

Алматыға оңтүстіккореялық туристердің қызығушылығы артып келе жатқанын статистика да растайды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қалаға Корея Республикасынан 23 мыңнан астам турист келген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0