17.06.2026, 18:00

«220 млн теңге аударылған»: депутат сот орындаушыларына қатысты деректерді мәлімдеді (ВИДЕО)

Фото: Видеодан алынған кадр

Оның мәліметінше, тек сот орындаушыларына арналған жабық ақпараттық жүйенің логині мен құпиясөздері үшінші тұлғаларға берілген.

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жеке сот орындаушылары мен коллекторлық агенттіктер арасындағы заңсыз байланыстарға қатысты бірқатар деректі жариялап, мәселені Үкімет пен Бас прокуратура деңгейінде көтерді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Депутаттың айтуынша, кейбір жеке сот орындаушылары коллекторлық компаниялармен бірлесіп жұмыс істеп, азаматтардың жеке деректеріне заңсыз қол жеткізуге мүмкіндік берген. Оның мәліметінше, тек сот орындаушыларына арналған жабық ақпараттық жүйенің логині мен құпиясөздері үшінші тұлғаларға берілген.

Бақытжан Базарбек келтірген деректерге сәйкес, Алматы, Қарағанды, Жамбыл және Қостанай облыстарында жеке сот орындаушылары мен коллекторлық агенттіктер бір ғимаратта, тіпті бір кеңседе отырған жағдайлар анықталған. Сонымен қатар, Қостанай облысында жеке сот орындаушысының жұбайы коллекторлық компанияда қызмет еткені белгілі болған.

Депутат Жақпаров есімді жеке сот орындаушысының туған ағасы коллекторлық компанияны басқарғанын айтып, олардың қатысуымен 193 млн теңге өндірілгенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, ел бойынша 67 жеке сот орындаушысы коллекторлық ұйымдардың шоттарына жалпы сомасы 220 млн теңгеден астам қаражат аударған.

Бақытжан Базарбек бұл фактілерді Бас прокуратура 2023 жылы анықтап, Әділет министрлігіне заң бұзған тұлғалардың лицензиясын қайтарып алу жөнінде ұсыныс енгізгенін айтты. Алайда, депутаттың сөзінше, тиісті шаралар қабылданбаған.

Осыған байланысты депутат Әділет министрлігінен заң бұзушылыққа жол берген жеке сот орындаушыларын лицензиясынан айыруды, ал істі бақылаусыз қалдырған лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартуды талап етті. Сондай-ақ ол Бас прокуратураны барлық кінәлі тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беруге шақырды.