Жобаның басты ерекшелігі — мұнда ескі сүрлеудегі дәстүрлі дәрісханалар болмайды.
Ұлыбританияның белді жоғары оқу орындарының басын қосатын беделді «Russell Group» қауымдастығының мүшесі — Кардифф зерттеу университетінің Астанадағы халықаралық филиалы алғашқы оқу жылын табысты қорытындылады. Осы айтулы оқиғаға орай Уэльстен арнайы келген делегация елордада бой көтеретін жаңа, заманауи студенттер қалашығының ауқымды жобасын таныстырды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Филиалдың алғашқы студенттерімен өткен ресми кездесуге Кардифф университетінің президенті әрі вице-канцлері, профессор Венди Ларнер, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және Ұлыбританияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Салли Аксворти қатысты.
Болашақтың қалашығы
Қазақстан Үкіметінің қолдауымен елорда әкімдігі бас қаланың сол жағалауынан, ЭКСПО көрме орталығы мен Назарбаев Университетіне жақын маңнан 20 гектар жер телімін бөлді. Осы аумақта 2028 жылға қарай 10 мың студенттің еркін білім алып, жайлы тұруына жағдай жасайтын жоғары технологиялық кампус бой көтереді.
Жобаның басты ерекшелігі — мұнда ескі сүрлеудегі дәстүрлі дәрісханалар болмайды. Оның орнына студенттердің топпен жұмыс істеуіне, жобалық және тәжірибелік шыңдалуына мүмкіндік беретін икемді кеңістіктер құрылады. Сондай-ақ заманауи оқу ғимараттары, ғылыми-зерттеу зертханалары, спорт кешендері мен демалыс аймақтары біртұтас инфрақұрылымға біріктірілмек.
Профессор Венди Ларнер алғашқы шетелдік филиалды ашу үшін неліктен Қазақстан таңдалғанын былай деп түсіндірді:
«Біз Қазақстаннан зор мүмкіндіктер мен биік мақсаттарды көрдік. Ел Үкіметінің білім беру саласындағы көреген саясаты көңілімізден шықты. Алғашқы жылдың қорытындысы бұл қадамның өте дұрыс болғанын дәлелдеп отыр. Қазақстандық студенттердің білім деңгейі мен тілдік дағдылары біз күткеннен де жоғары болып шықты».
Британдық стандарт — ұлттық мүдде
Қазірдің өзінде білім ордасының алғашқы 1000 студенті Кардиффтің әлемдік ғылыми-зерттеу базалары мен электронды кітапханаларына тікелей қол жеткізіп отыр. Университеттің академиялық мәселелер жөніндегі вице-провосы Талғат Жүсіпбектің айтуынша, британдық күрделі білім моделі отандық жүйеге өте сәтті кіріккен. Жаңа кампустың салынуы бұл бағдарламаларды одан әрі ауқымды етіп, халықаралық деңгейдегі мамандарды өз елімізде даярлауға жол ашады.
Ең бастысы, оқу орнын тәмамдаған түлектерге ешқандай аймақтық шектеусіз, Кардифф университетінің халықаралық үлгідегі дипломы беріледі. Бұл жастардың әлемдік бизнес ортаға, ғылым мен мемлекеттік басқару саласына еркін кірігуіне мүмкіндік береді.
Cardiff University - Ұлыбританияның ең ірі әрі жетекші зерттеу университеттерінің бірі. Ал Астанада ашылған «Cardiff University Kazakhstan» - аталған білім ордасының Орталық Азия өңіріндегі тұңғыш кампусы болып табылады.