Тегін білмеген адам өзін де толық тани алмайды.
«QASQA JOL» YouTube жобасының кезекті шығарылымында тектанушы, кеңесші және педагог Әлия Сағымбаева қазақ халқының ата-тегін танудың маңызы, тарихи жадының ұрпақ санасына ықпалы және қазіргі қоғамдағы кейбір мінез-құлықтардың түп-тамыры туралы ой бөлісті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Маманның айтуынша, адам өз тегін, шыққан ортасын және тарихи тамырын білмесе, өмірлік бағытын жоғалтуы мүмкін. Ол мұны жел айдаған қаңбаққа теңеп, ата-баба тарихын тану – жеке тұлғаның өзін-өзі тануының маңызды бөлігі екенін атап өтті.
«Тегін білмеген адам өзін де толық тани алмайды. Өзінің қайдан шыққанын, қандай әулеттің ұрпағы екенін, ұлты мен тілін білмесе, адам өмірдің ағысымен кете береді. Ата-бабаларымыз бастан өткерген қорқыныш, күйзеліс пен үрейдің белгілі бір деңгейде кейінгі ұрпаққа әсері болуы мүмкін», – деді Әлия Сағымбаева.
Сұхбат барысында тектанушы қазақ қоғамындағы аста-төк той жасау дәстүріне де тоқталды. Оның пікірінше, бұл құбылыстың тарихи және әлеуметтік себептері бар.
Оның сөзінше, бұрын қазақ рулары көшпелі өмір сүріп, бір-бірімен үнемі араласып отырғандықтан, арнайы үлкен жиын ұйымдастыру қажеттілігі аса сезілмеген. Алайда ХХ ғасырда урбанизация үдерісі күшейіп, халық әртүрлі өңірлерге қоныс аударған соң туыстар мен жақындарды бір жерге жинаудың бір тәсілі ретінде той өткізудің маңызы арта түскен.
«Бірі Ақтауға, енді бірі Шымкентке немесе басқа қалаға көшіп кетті. Осындай жағдайда ағайынның басын қосып, қуанышты бірге бөлісу үшін той жасау дәстүрі кеңінен тарала бастады. Дегенмен мен несие алып, қарызға батып той өткізуді құптамаймын», – деді ол.
Бағдарламада бұдан бөлек, неге кейбір адамдар қанша еңбек етсе де қаржылық тұрақтылыққа жете алмайтыны, ал кейбірінің байлығы еселене беретіні, сондай-ақ ата-бабалардың бастан кешкен тарихи оқиғалары мен күйзелістерінің бүгінгі ұрпақтың өміріне ықпал етуі мүмкін бе деген мәселелер де талқыланды.
Әлия Сағымбаева бұл пікірлерін өзінің кәсіби көзқарасы мен тәжірибесіне сүйене отырып жеткізді.