22 маусым күні кешке табылған Хизирдің денесі туған жері Троицкое ауылына жеткізілді.
Суға батып бара жатқан досын құтқармақ болған 8 жастағы Хизирдің денесі сегіз күннен кейін табылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Баланы іздеуге бүкіл Кавказ жұртшылығы жұмылды. Мыңдаған ерікті мен құтқарушылар Сунжа өзенінен күн-түн демей іздеу жұмыстарын жүргізген. Алайда 22 маусым күні кешке Хизирдің мәйіті табылды.
Қайғылысы сол, Хизир небәрі үш күн бұрын ғана 8 жасқа толған еді. Оның жоғалғаны туралы хабар түскен сәттен бастап іздеу жұмыстары тоқтаусыз жалғасқан.
Хизирдің әкесі Хасан Дербичев күзетші әрі слесарь болып жұмыс істейді. Ол соңғы сәтке дейін ұлын аман табуға үміттеніп, іздеу жұмыстарына өзі де қатысқан. Ал анасы Мадина мектепте медбике болып еңбек етеді. Үшінші сәбиіне жүкті әйел үшін бұл орны толмас қайғы болды. Жақындарының айтуынша, ол ата-анасынан ерте айырылып, өз балаларымен қатар бауырларын да қамқорлығына алған жан.
Оқиға 15 маусым күні болған. Хизир екі досымен бірге өзен жағасына барған кезде олардың бірі – Адам суға құлап кеткен. Сол сәтте Хизир досын құтқару үшін еш ойланбастан өзенге секірген.
«Жүр, біз еркекпіз ғой, оны құтқарайық», – деген ол досына көмекке ұмтылған.
Үшінші бала үлкендерді шақыру үшін жүгіріп кеткен.
Кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдар жағалаудағы ағаш тамырларына жармасып қалған Адамды құтқарып қалғанымен, Хизирді өзеннің қатты ағысы алып кеткен.
Сегіз күн бойы жұртшылық баланың жағаға шығып кетуі мүмкін деген үмітпен іздеуді тоқтатпады. Алайда суық әрі ағысы қатты Сунжа өзені құтқару жұмыстарын қиындатқан.
22 маусым күні кешке табылған Хизирдің денесі туған жері Троицкое ауылына жеткізілді. Сол күні кешке жаназа намазы оқылып, жүздеген адам батыр баланы ақтық сапарға шығарып салды.
Жақындарының сөзінше, Хизир өте зерек, жауапкершілігі жоғары әрі батыл бала болған. Ол мектепте жақсы оқып, шығармашылық байқауларға белсенді қатысқан. Өз өмірін қатерге тігіп, досын құтқаруға ұмтылған әрекеті көпшіліктің жүрегін тебірентті.