Сонымен қатар еліміздің бірқатар өңірінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
"Қазгидромет" РМК синоптиктері 2026 жылғы 24 маусым, сәрсенбі күні еліміздің бірқатар өңірінде ауа райының қолайсыз болатынын ескертті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Метеорологтардың мәліметінше, атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде нөсер жаңбыр жауып, бұршақ түсіп, екпінді жел соғады.
Сондай-ақ елдің оңтүстік-батысында, солтүстігінде және шығысында шаңды дауыл тұруы мүмкін. Ал солтүстік өңірлерде түнгі және таңғы уақытта тұман түседі.
Алматы, Павлодар, Абай және Жетісу облыстарында қатты ыстық сақталады. Бұл өңірлерде ауа температурасы +35...+38 градусқа дейін көтеріледі. Ал Алматы облысының солтүстігінде сынап бағаны +40 градусқа дейін жетуі ықтимал.
Сонымен қатар еліміздің бірқатар өңірінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Ең күрделі жағдай Қызылорда, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарының жекелеген аудандарында, сондай-ақ Ұлытау, Абай және Жетісу облыстарында күтіледі.