Ведомство мәліметінше, дәрігерлер үш жылға жуық уақыт бойы оның өмірін сақтап қалуға бар күшін салған.
Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығымен бірлесіп, Ұлттық ұланның бұрынғы әскери қызметшісі Мұхтар Ербаянның қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Ведомство мәліметінше, дәрігерлер үш жылға жуық уақыт бойы оның өмірін сақтап қалуға бар күшін салған. Алайда ауыр бас-ми жарақатының салдарынан мида қайтымсыз өзгерістер орын алып, науқастың өмірін аман алып қалу мүмкін болмаған.
ДСМ хабарлауынша, Мұхтар Ербаян 2023 жылдан бері әскери борышын өтеу кезінде алған ауыр жарақаттан кейін өте ауыр жағдайда болған. Ұзақ уақыт бойы ол тұрақты вегетативтік күйде жатып, дәрігерлер үздіксіз қарқынды терапия жүргізген.
«Респираторлық қолдау мен барлық қажетті емдеу шараларына қарамастан, науқастың жағдайы біртіндеп нашарлады. Қандағы оттегі деңгейі төмендеп, жүрек ырғағы бұзылып, гемодинамика тұрақсызданды. Мамандар тарапынан барлық реанимациялық және емдік шаралар толық көлемде көрсетілді», – делінген министрлік хабарламасында.
Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Ербаян ем алу үшін Түркияға жіберілген. Ондағы мамандар да бастапқы диагнозды растаған.
2026 жылдың маусымында негізгі сырқат аясында инфекциялық асқынулар, сепсис және көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы дамыған.
Дәрігерлердің мәліметінше, 23 маусым күні сағат 21:40-та Мұхтар Ербаянның биологиялық өлімі тіркелді. Өлімнің тікелей себебі ауыр бас-ми жарақатының салдары мен оған қосылған асқынулардан туындаған көп ағзалық жеткіліксіздік болған.
Министрлік науқастың ең заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген палатада ем қабылдағанын, барлық қажетті дәрілік терапия мен ерекше күтім көрсетілгенін атап өтті. Сонымен қатар, туыстарының жансақтау бөліміне кіруіне мүмкіндік беріліп, сапалы медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалған.
Еске салайық, Ұлттық ұланның бұрынғы әскери қызметшісі Мұхтар Ербаян 23 маусым күні көз жұмды.