$ 487.02  552.23  6.51

Павлодарда 13 адам отырған тікұшақ апатты жағдайда қонды

Аталған жағдай адам шығынына әкелмеген авиациялық оқиға ретінде тіркеліп, тиісті тергеу басталды.

Фото: видеодан скрин
Фото: видеодан скрин

Павлодар облысында «Қазавиақұтқару» тікұшағы мәжбүрлі түрде қонып, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, авиациялық оқиға іздестіру-құтқару жұмыстары кезінде болған. Тікұшақ 1950 жылы туған азаматты іздеуге жұмылдырылған. Алдын ала ақпарат бойынша, ер адам балық аулау кезінде мотоциклден құлап, аяғынан жарақат алған.

Іздеу операциясы шамамен бір тәулікке созылды. Оған құтқарушылармен қатар еріктілер де қатысты. Нәтижесінде зардап шеккен азамат табылып, оған қажетті медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі уақытта оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Іздестіру жұмыстары барысында тікұшақ Байдалы ауылы маңындағы ашық далаға, елді мекеннен бірнеше шақырым қашықтықта мәжбүрлі түрде қонған. Әуе кемесінің бортында экипаж мүшелері мен құтқарушылар болған.

ТЖМ ресми өкілі Динара Нұрғалиқызының айтуынша, тікұшақтағы барлық адам аман, ешкім зардап шекпеген. Қазіргі уақытта оқиғаның себептері анықталуда.

Өз кезегінде Көлік министрлігі тікұшақта барлығы 13 адам болғанын мәлімдеді. Оның ішінде бес экипаж мүшесі мен сегіз жолаушы бар. Қаза тапқандар жоқ. Зардап шеккендер туралы ақпарат нақтыланып жатыр.

Аталған жағдай адам шығынына әкелмеген авиациялық оқиға ретінде тіркеліп, тиісті тергеу басталды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Тегтер:

#ТЖМ #ұшақ