"Түнде дәретханаға шыққым келсе де жібермейтін".
Әлеуметтік желіде ұлының қорлығын көрген қарттың жанайқайы қоғамның қызу талқысына түсті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Журналист Жұлдыз Қайратқызы қариямен тілдесіп, оның айтқан ауыр оқиғасын әлеуметтік желіде жариялаған.
Ақсақалдың айтуынша, ұлы оған жиі қысым көрсетіп, тіпті қол көтерген.
«Маңдайымнан бір ұрды. Түнде дәретханаға шыққым келсе де жібермейтін. “Қайда барасың?” деп айқайлайтын. Бір күні әжетхана жанындағы сөреде тұрған ине-жіп салатын құтының ішіндегі қайшыны алып, қашып кетуге әрекет жасадым», – дейді қария.
Оқиға Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Сарыөзек ауылында болған. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, ауыл тұрғыны Эділхан Сисенов ұзақ уақыт бойы өз әкесіне күш көрсетіп келген.
Қазіргі таңда қарт кісі туған қарындасының үйінде тұрып жатыр.
Ауыл тұрғындары егде жастағы азаматтың денесінде көгерген іздердің барын айтып отыр. Сондай-ақ оның жүріп-тұруы қиындап, денсаулығының айтарлықтай нашарлағанын жеткізген.
Туыстарының мәліметінше, қарияның ақыл-есі дұрыс, өз жағдайын толық түсінеді. Алайда ұзақ уақыт бойы көрген психологиялық және физикалық қысым оның денсаулығына кері әсер еткен болуы мүмкін.
Әзірге аталған жағдайға қатысты құқық қорғау органдары ресми мәлімдеме жасаған жоқ.