26.06.2026, 12:20

«20 жыл отастық»: Жұмабек Жанықұлдың бұрынғы әйелі үнсіз қалмады (ВИДЕО)

Коллаж: sn.kz

Жанна Маратқызы бұрынғы жұбайының әкімшілік және материалдық ықпалы өте зор екенін жақсы біледі.

Кәсіпкер Жұмабек Жанықұлдың бұрынғы әйелі үндеу жасады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.  

Жанықұлова Жанна Маратқызының айтуынша, ажырасуына кәсіпкердің бірнеше рет көзге шөп салуы себеп болған. 

"Мен Жанықұлова Жанна Маратқызы бес баланың анасымын. Барлық баламды бұрынғы күйеуім Жұмабек Жанықұлмен некеде болғанда өмірге әкелдім. Мен онымен 20 жыл тұрдым. Ажырасуымызға себеп оның жүргіштігі мен тоқалдары болды. Қазір сот процесі жүріп жатыр. Некеде болғанымызда неке келісімшарты, мал-мүлік деген сынды мәселе болмаған. Бұл сұрақтың бәрі Жұмабекте жаңа әйел пайда болғанда туындады", - деді ол. 

Сондай-ақ аталған сот процесінің дұрыс өтпей жатқанын айтып, көпшіліктен көмек сұрады. 

"Маусым айының 24  жұлдызында кезекті сот отырысы өтті. Алайда судья шағымданушы тараптың бірде-бір өтінішін қанағаттандырмады. Соның ішінде жауапкердің кірісіне қатысты өте маңызды құжаттар бар еді. Салық басқармасынан алынған ресми жауапқа сәйкес "Қаражал Оперейтинг" деп аталатын тек бір ғана компанияның соңғы үш жылдағы табысы жиырма миллиард теңгеден асқан. Жұмабек Жаңақұловқа дәл осындай он сегіз кәсіпорын тиесілі.

Судья бұл қыруар қаржы туралы деректерге мүлдем назар аудармады. Осы әрекеттен кейін адвокат істі қарап отырған судьяға тікелей қарсылық білдірді", - дейді Жанна Жанықұл. 

Жанна Маратқызы бұрынғы жұбайының әкімшілік және материалдық ықпалы өте зор екенін жақсы біледі. Ол байлығын сақтап қалу үшін кез келген қадамға баруы мүмкін деп қауіптенеді. Сондықтан әділдік іздеген ана бұл істің қатаң бақылауда болып соттың объективті өтуін талап етеді.