Оқиға Ақтаудан шамамен 56 шақырым жерде орналасқан жабдықталмаған жағалау аумағында болған.
Маңғыстау облысында Каспий теңізіне 27 жастағы жігіт батып кетті. Жас жігітті іздеуге құтқару қызметінің барлық құрылымы жұмылдырылды, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы.
Оқиға Ақтаудан шамамен 56 шақырым жерде орналасқан жабдықталмаған жағалау аумағында болған. Оқиға туралы хабар түскеннен кейін оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің күштері жедел жетті.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына ТЖД қызметкерлері, сүңгуірлер, жүзу құралдары және арнайы техника жұмылдырылған. Құтқарушылар теңіз акваториясы мен жағалау сызығын жіті тексеріп, жоғалған азаматты іздеуді жалғастырып жатыр.
Маңғыстау облыстық ТЖД тұрғындар мен туристерге жабдықталмаған жерлерде шомылу өмірге үлкен қауіп төндіретінін ескертті. Мамандар демалушыларды құтқарушылар кезекшілік ететін және қауіпсіздік талаптары сақталған ресми жағажайларда ғана шомылуға шақырды.