28.06.2026, 11:50

Тараздықтар сауда орталығындағы кептеліске наразы: шлагбаумдар істемейді

Коллаж: SN.kz

Салдарынан төменгі қабатта ұзын-сонар кептеліс пайда болып, жүргізушілер арасында наразылық күшейді.

Тараз қаласындағы «MART» ойын-сауық орталығының жерасты автотұрағында келушілер үлкен қолайсыздыққа тап болды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Тұрғындардың сөзінше, мұндағы ақылы жүйенің шлагбаумы істен шығып, көлік қозғалысын толықтай бөгеп тастаған.

Салдарынан төменгі қабатта ұзын-сонар кептеліс пайда болып, жүргізушілер арасында наразылық күшейді. Әлеуметтік желі қолданушылары демалыс күндері мұндай орындарға көлікпен барудың өзі мұңға айналғанын айтып, шағымдануда.

Тұрғындар сауда орталығының әкімшілігінен ақылы қызмет сапасын жақсартып, бұл олқылықты тез арада реттеуді талап етеді.