Осыған сәйкес партияаралық бәсекелестік жаңа серпін алады.
Президент Тоқаев жаңа Конституция күшіне енген соң бірқатар маңызды құжатқа, оның ішінде Құрылтай сайлауын өткізу туралы жарлыққа қол қоятынын мәлімдеді. Оның айтуынша, алдағы саяси науқан ашық, әділ әрі бәсекелі жағдайда өтуі тиіс, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Мемлекет басшысы болашақ Құрылтайдың елдің саяси жүйесіндегі рөліне тоқталды.
“Құрылтай жоғары заң шығарушы орган ретінде барлық бағыт бойынша сабақтастықты, институционалдық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, парламенттің қалыптасқан дәстүрін сақтап, оны одан әрі дамытуға ерекше мән беруі тиіс”, – деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, жаңа өкілді органның басты мақсаты Әділетті Қазақстанды құру.
“Еліміздің жоғары өкілді органы – Құрылтайдың басты мақсаты барша азаматқа тең мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құру және осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізу”, – деді президент.
Президент жаңа орган қоғамдағы негізгі құндылықтарды нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.
“Бір палаталы өкілді орган өзінің заң шығару міндетін табысты атқарып, қоғамда тәртіп, еңбекқорлық, тазалық және әділеттілік сияқты мызғымас құндылықтардың орнығуына жан-жақты ықпал етеді деп сенемін”, – деді Тоқаев.
Сонымен қатар президент жаңа Конституция күшіне енген соң Құрылтай сайлауын өткізу туралы жарлыққа қол қоятынын айтты.
“Құрметті депутаттар, жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі – тарихи оқиға. Жаңартылған Ата заң ауқымды қоғамдық-саяси өзгерістердің жаңа кезеңіне жол ашады. Осыған байланысты мен Құрылтай сайлауын өткізу туралы арнайы жарлықты қоса алғанда, бірқатар маңызды құжатқа қол қоямын”, – деді Тоқаев.
Президенттің сөзінше, алдағы сайлау ашық әрі шынайы бәсеке жағдайында өтуі керек.
“Осыған сәйкес партияаралық бәсекелестік жаңа серпін алады. Біз жасампаз мемлекет ретінде бұл саяси науқанды жоғары деңгейде өткізуге міндеттіміз. Алдағы сайлау ашық, әділ және адал бәсеке жағдайында өтуі тиіс”, – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы жүргізіліп жатқан реформаларда азаматтардың рөлі ерекше екенін айтты.
“Қазақстан халқы – қоғамдағы түбегейлі өзгерістердің басты қозғаушы күші. Азаматтарымыз ел болашағына бейжай қарамайтынын және шешуші сәттерде саналы таңдау жасай алатынын айқын көрсетіп келеді”, – деді президент.
Тоқаевтың айтуынша, Құрылтай құрамына қоғамның ең лайықты өкілдері енуі тиіс.
“Құрылтай – жаңа форматтағы Қазақстанның маңызды символы. Сондықтан оның құрамына тек ең үздік өкілдер, шынайы патриоттар, бастамашыл азаматтар және мемлекетшіл тұлғалар кіруі қажет. Өйткені халық жүргізіліп жатқан реформалардың тиімділігін осы Құрылтайдың жұмысына қарап бағалайды”, – деді ол.
Сөз соңында президент Сенат пен Мәжіліс депутаттарына атқарған еңбегі үшін алғыс айтты.