30.06.2026, 16:40

Сұлтан Сәрсемәлиевке жаңа айыптар тағылды

Фото: Видеодан алынған кадр

Судья Зарема Хамидуллина айыптау актісінің жаңартылған нұсқасын жариялады.

Атырау облысында төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке жаңа айыптар тағылды, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы. 

30 маусымда өткен сот отырысында мемлекеттік айыптаушылар айыптау актісін толықтырып, оған жаңа тармақтар енгізілгенін мәлімдеді. Судья Зарема Хамидуллина айыптау актісінің жаңартылған нұсқасын жариялады.

Тергеу мәліметінше, Сұлтан Сәрсемәлиевке Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның өліміне қатысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 13-тармағы қосылған. Яғни, оларды басқа қылмысты жасыру мақсатында өлтірді деген айып тағылып отыр.

Сондай-ақ Мирамгүл Қарабалинаның өліміне қатысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 3 және 10-тармақтары енгізілді. Тергеу нұсқасына сәйкес, Мирамгүл церебралды сал ауруына (ДЦП) шалдыққан, III топтағы көру қабілеті бойынша мүгедектігі болғандықтан дәрменсіз жағдайда болған. Айыптау тарапының мәліметінше, ол ата-анасының өлімі туралы полицияға хабарламақ болғаны үшін өлтірілген.

Бұдан бөлек, Сәрсемәлиевке қаза тапқан адамдардың атына тағайындалған әлеуметтік төлемдер мен зейнетақыны заңсыз иемденді деген алаяқтық айыбы тағылды. Келтірілген шығын көлемі 520 996 теңгені құрайды.

Сондай-ақ бұрын алаяқтық ретінде қаралған эпизод «мал ұрлығы» бабы бойынша қайта сараланған.

Сот барысында айыпталушы кінәсін ішінара мойындап, әйелінің ата-анасы Мақсот Қарабалин, Нәсіп Өтешқалиева және Мирамгүл Қарабалинаны қасақана өлтіргенін айтты.

Ал Наурыз Мұқанғалиевтің өліміне қатысты ол қылмыс алдын ала жоспарланбағанын, жанжал кезінде өзін қорғау мақсатында әрекет еткенін мәлімдеді.

Сәрсемәлиев қылмыстан кейін Қазақстаннан кеткенін де растады. Оның айтуынша, мұндай шешім қабылдауына ұзақ уақыт бойы жиналған қарыздардан туған ауыр психологиялық күйзеліс пен болған оқиғадан қашуға тырысуы себеп болған.

Еске салсақ, бұған дейін айыпталушы сотта қылмыстан кейін Түркия арқылы Меккеге барып, Құдайдан кешірім сұрағанын айтқан еді. Сондай-ақ ол марқұмдарды себепсіз өлтірмегенін, әйелінің туыстарымен арада жанжал болғанын және оны дәлелдейтін аудиожазба бар екенін мәлімдеген.

Марқұмдардың туыстары соттан бір отбасының төрт мүшесінен айырылғандары үшін Сұлтан Сәрсемәлиевтен 70 миллион теңге көлемінде моральдық және материалдық өтемақы өндіруді талап етіп отыр.