01.07.2026, 09:30

Жарты триллионның жұмбағы: банктер байып жатыр, бұқараның бүйірі қашан шығады?

Фото: kursiv.kz

Жыл басынан бері қазақстандық банктердің активтері 578,4 млрд теңгеге өсіп, жалпы сомасы 71,35 трлн теңгеге жетті.

Еліміздегі екінші деңгейлі банктердің активтері тағы да рекордтық көрсеткішке жетті. Алайда бұл өсім қаржы секторының саулығын емес, ел экономикасындағы теңгерімсіздіктің тереңдей түскенін көрсетеді. Сарапшылар екі жеп, биге шыққан банктердің бүгінгі сиқын жан-жақты сипаттап отыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Алдымен ресми мәліметтерге көз жүгіртейік. Жыл басынан бері қазақстандық банктердің активтері 578,4 млрд теңгеге өсіп, жалпы сомасы 71,35 трлн теңгеге жетті. Бірақ бұл майшелпек бәріне бірдей бұйырмаған көрінеді. Нарықтық талдаулар бойынша елдегі 23 қаржы институтының тек 11-і ғана плюсқа шыққан. Тіпті ірі банктердің өзі бірінші жартыжылдықта актив жинаудың орнына, керісінше жоғалтуға мәжбүр болған. Ал осы көштің басында мемлекеттік қолдауға сүйеніп, ипотека нарығын толықтай монополиялап алған Отбасы банк тұр. Аталған банктің активтері жыл басынан бері 7,4 пайызға ұлғайып, 5 трлн 584,5 млрд теңгені құрады.

Банк секторының негізгі қаймағы әлі де топ-10 банктің қолында, оларға 63,4 трлн теңге тиесілі. Динамикаға қарасақ, 2025 жылдың сәуір айынан бері банктердің активтері 14 пайызға, бес жылда 2,2 есе, ал соңғы онжылдықта бірден үш есе өскен. Осы ретте Отбасы банктің өткен жыл үшін бюджетке 20 млрд теңге көлемінде алғашқы дивиденд траншын төлегенін де айта кеткен жөн. Қағазда бәрі керемет, цифрлар көз шағылыстырады. Алайда осы миллиардтар мен триллиондардың артында қандай шындық жатыр?

Кез келген дамыған мемлекетте банк секторы экономиканың қан айналымы жүйесі болып табылады. Яғни ол зауыттар мен фабрикаларды, шағын және орта бизнесті несиелеп, нақты өндірістің дамуына серпін беруі тиіс. Ал біздегі жағдай мүлдем басқаша сипат алған. Қазақстандық банктер нақты секторды, өндірісті қаржыландырудан барынша қашқақтайды. Кәсіпорынға несие беру тәуекелі жоғары болғандықтан, ай сайын пайызын уақытылы төлеп отыратын қарарапайым халықты қанаған тиімдірек деп есептейді. Бүгінде елімізде тұтынушылық несиенің көлемі шегіне жетті. Кез келген екінші деңгейлі банктің мобильді қосымшасын ашсаңыз, кепілсіз әрі бес минутта несие береміз деген жарнамадан көз сүрінеді. Осылайша банктер халықты жаппай қарыз батпағына батыру арқылы өздерінің миллиардтаған пайдасын еселеп отыр. Банктердің активі халықтың әл-ауқаты артқандықтан емес, бұқараның өсімқорлыққа белшесінен батқандығынан өсіп жатыр. Сонда бұл мақтанатын көрсеткіш пе, әлде дабыл қағатын жағдай ма?

Жоғарыда айтылған статистикада Отбасы банктің жалғыз өзі оқ бойы озық тұрғаны көрінеді. Иә, мемлекеттік бағдарламалардың арқасында бұл банк ипотека нарығын толық монополиялады. Алайда таза нарықтық бәсекелестік жоқ жерде сапа да, әділдік те болмайтыны белгілі. Мемлекет бюджеттен миллиардтап қаржы бөледі, ол қаржы осы банктің есепшотына түседі. Содан кейін халық сол өздерінің салығынан құралған бюджет ақшасын жеңілдікті ипотека ретінде алу үшін жылдап кезекке тұрады, балл жинайды, әуре-сарсаңға түседі. Мемлекет тарапынан жасалған мұндай жасанды қолдау өзге банктердің еркін бәсекеге түсуіне жол бермейді, ал екінші жағынан тұрғын үй нарығындағы бағаның қолдан қымбаттауына әкеліп соғады. Банктің тапқан 20 миллиард теңге дивиденді баспанасыз жүрген мыңдаған қазақтың маңдай тері мен көз жасының өтеуі емес пе?

Статистика 23 банктің тек 11-і ғана пайда тапты дейді. Демек қалған 12 банк шығынға батып немесе бір орнында тұралап қалған. Тіпті алып саналатын алғашқы ондықтың өзі жарты жылда серпінді дами алмай, небары 0,4 пайызға ғана өскен. Бұл банк секторындағы жүйелі дағдарыстың белгісі. Екінші деңгейлі банктердің басым бөлігі нақты экономикалық өнім шығармайды. Олардың күні Ұлттық банктің ноталарына ақша салып, пайыз өсіру және халыққа жоғары пайызбен несие үлестіру болып отыр. Қазіргі таңда Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінің жоғары болуы банктерге еш қиналмай, тәуекелсіз табыс табуға мүмкіндік беріп отыр. Олар ақшаны өндіріске салғанша, мемлекеттік бағалы қағаздарда сақтап, пайыз жегенді жөн көреді. Мұндай сыңаржақ саясатпен ел экономикасын алға сүйреу мүмкін емес.

Банктердің бес жылда 2,2 есе, он жылда 3 есе байығаны олардың менеджментінің мықтылығынан емес, елдегі қаржылық саясаттың шикілігінен хабар береді. Үкімет пен Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерді нақты секторды қаржыландыруға міндеттейтін тетіктерді іске қоспаса, бұл триллиондардың қарапайым халыққа тигізер пайдасы шамалы. Сыртқы активі қанша жерден тасып жатса да, ішкі мазмұны халықты қанауға негізделген банк жүйесі ертеңгі күні жарылуы әбден мүмкін үлкен көпіршік іспетті. Банктердің қалтасы қампайғанмен, бұқараның бүйірі қашан шығады? Бұл сұрақ әзірге ашық күйінде қалып отыр.