01.07.2026, 09:35

Павлодар әкімдігінің «көзбояуы»: Бір жаңбырға шыдамаған көшенің сапасы халықтың ашуын туғызды

Фото: видеодан скрин

Павлодар қаласы, Лермонтов көшесіндегі №87–89 үйлердің тұрғындары былтыр ғана жасалған жол жөндеу жұмыстарының сапасына наразы болып, әкімдіктің әрекетсіздігін сынға алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Жергілікті халықтың айтуынша, шұрық-тесік жолдың орнын мердігерлер жай ғана қиыршық таспен (щебень) көме салып, жұмысты атүсті істей салған. Алайда, алғашқы жауған жаңбырдан кейін-ақ бұл уақытша жабын шайылып кетіп, асфальт қайтадан бұрынғы апатты күйіне түсті. Көлік қозғалысына қауіп төндірген бұл келеңсіздікті тұрғындар видеоға түсіріп, қалалық қызметтерге ресми шағым жолдаған. Өкінішке қарай, халықтың салығына жасалған бұл «көзбояушылыққа» қатысты жауапты органдардан әлі күнге дейін ешқандай ресми түсініктеме берілген жоқ.