Арыс қаласы аумағындағы облыстық маңызы бар КХ-92 «Арыс – Монтайтас» автомобиль жолы 2025 жылы күрделі жөндеуден өткенімен, арада жыл өтпей жатып қайта бүлінді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Шұрық-тесікке айналған сапасыз жолдың қазіргі сиқы Шағыр елді мекенінен шыға беріс бөлігінде анық көрініп тұр: асфальттың кей тұстары опырылып, ортасы осылып, көлік қозғалысына қауіп төндіруде. Күн сайын жүздеген жедел жәрдем, ауыларалық автобустар мен жүк көліктері қатынайтын бұл маңызды бағытта жүргізушілер апатты айналып өту үшін қарсы бағытқа шығуға мәжбүр. Мемлекет қаржысын желге ұшырған мердігердің жұмысын қабылдап алып, бақылауды босаңсытқан жергілікті өңір әкімдігі бұл олқылық пен жобадағы қателіктер үшін тікелей жауапты. Халықтың қауіпсіздігін емес, тек есеп беруді ойлаған шенеуніктердің бұл салғырттығы тұрғындардың орынды наразылығын тудырып отыр.