$ 480.72  548.07  6.14

Жаңа Конституция Қазақстан дамуының заманауи кезеңінің құндылық бағдарларын айқындайды

Фото: gov.kz
Фото: gov.kz

Бүгін жалпыхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енді. Бұл ауқымды конституциялық реформаның аяқталуы ғана емес, сонымен қатар елдің саяси-құқықтық дамуының жаңа кезеңінің басталуы. Біз күшті институттарды дамытуға, саяси жүйе мен әлеуметтік-экономикалық саланы дәйекті жаңғыртуға негізделген жаңа тарихи кезеңге қадам бастық, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Жаңа Конституцияның басты ерекшелігі – оның кең қоғамдық қатысу мен кәсіби сараптамалық жұмыстың нәтижесінде қабылдануында. Ата Заңды әзірлеуге Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы мен Конституциялық комиссияның қызметі негіз болды. Бұл құрылымдар ғылым өкілдерін, мемлекеттік органдарды, депутаттық корпусты, саяси партияларды, азаматтық қоғам институттарын және сарапшылар қауымдастығын біріктірді. Азаматтардан келіп түскен мыңдаған ұсыныс құжаттың соңғы редакциясын әзірлеу барысында жан-жақты қарастырылды. Мұндай тәсіл жаңа Конституцияның қоғамдық легитимділігін едәуір күшейтіп, Қазақстандағы конституциялық құрылыс ашық диалог пен кең қоғамдық консенсус қағидаттарына негізделетінін айқын көрсетті.

Жаңа Конституцияның институционалдық өзгерістер шеңберінен әлдеқайда кең маңызға ие екені ерекше атап өтуге тұрарлық. Ол мемлекеттіліктің жаңа моделінің құндылықтық негізін айқындайды, мұнда басты орын адамға, оның құқықтарына, бостандықтары мен қадір-қасиетіне беріледі. Осылайша, адамға бағдарланған қағидат тек саяси декларация ретінде ғана емес, мемлекеттік саясаттың мазмұнын айқындайтын конституциялық принцип ретінде бекітіледі.

Сонымен қатар, Ата Заң конституциялық құндылықтардың жаңа жүйесін қалыптастырады. Мемлекеттік егемендік, аумақтық тұтастық, унитарлық құрылым және мемлекеттің зайырлы сипаты сияқты дәстүрлі қағидаттармен қатар, әділеттілік, заң мен тәртіп, әлеуметтік ынтымақтастық, этносаралық және конфессияаралық келісім ерекше маңызға ие болуда. Аталған құндылықтардың конституциялық деңгейде бекітілуі олардың құқық шығармашылық және құқық қолдану тәжірибесі үшін негізгі бағдарға айналатынын білдіреді.

Елдің стратегиялық даму ресурстарын түсінудегі тәсілдердің өзгеруі де ерекше маңызды. Бұған дейін негізгі назар дәстүрлі түрде табиғи ресурстарға аударылса, жаңа Конституция білім беру, ғылым және инновациялар арқылы адами капиталды дамытуды басым бағыт ретінде бекітеді. Іс жүзінде конституциялық деңгейде мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі қоғамның зияткерлік әлеуетімен, білім сапасымен және инновацияларды қалыптастыру қабілетімен айқындалатын даму моделіне көшу бекітіледі.

Жаңа Конституцияның айрықша ерекшеліктерінің бірі – оның қазіргі технологиялық сын-қатерлерге бейімделуі. Конституциялық деңгейде алғаш рет азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау кепілдіктері бекітілді. Бұл цифрландыруды тек технологиялық үдеріс ретінде ғана емес, сонымен бірге жеке қауіпсіздікті қамтамасыз етудің және конституциялық құқықтарды қорғаудың жаңа тетіктерін талап ететін құқықтық үдеріс ретінде түсінудің көрінісі.

Мемлекеттің азаматтар алдындағы жауапкершілігін күшейту жаңа конституциялық модельдің маңызды элементтерінің бірі ретінде айқындалды. Конституцияда мемлекеттік органдардың әрекетсіздігі үшін жауапкершілікті көздейтін, сондай-ақ билік органдарының заңсыз шешімдері немесе іс-әрекеттері салдарынан келтірілген залалды өтеуге кепілдік беретін нормалар бекітілген. Осылайша, қазіргі заманғы құқықтық мемлекеттің басты белгілерінің бірі саналатын мемлекет пен қоғамның өзара жауапкершілігі қағидаты едәуір нығая түседі.

Осылайша, жаңа Конституцияның күшіне енуі Қазақстанның конституциялық дамуының сапалық тұрғыдан жаңа кезеңге өткенін білдіреді. Жалпыхалықтық референдумда қабылданған бұл құжат мемлекеттің жаңартылған институционалдық құрылымын ғана емес, сонымен қатар елдің ұзақ мерзімді даму бағытын айқындайтын – адам қадір-қасиетін құрметтеу, заң үстемдігі, әділеттілік, жауапкершілік, қоғамдық келісім, адами капиталды дамыту және технологиялық өзгерістерге ашықтық секілді негізгі құндылық бағдарларды да бекітеді.

Дәл осы құндылықтар жүйесі Қазақстанның жаңа саяси-құқықтық моделінің берік негізін қалыптастырады.

 

Жандос Шаймарданов,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0