01.07.2026, 15:20

Алматыда жертөледен мәйіт табылды

Фото: Pixabay

Оқиғаның барлық мән-жайы тексеріліп жатыр.

Түрксіб ауданындағы жекеменшік үйлердің бірінде ер адамның денесі табылды, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, полиэтиленге оралған мәйіт үй жертөлесінде болған. Оқиға орнына полицияның жедел-тергеу жіберіліп, марқұмның жеке басы анықталған.

— Алдын ала мәлімет бойынша ол үй мен пәтерге жөндеу жұмыстарын жүргізумен айналысқан және қайғылы оқиға болған күні осы үйде болған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері үй иесін ұстады. Оның түсініктемесіне сәйкес, ер адам мән-жайы әзірге анықталмаған жағдайда жарақат алған. Алайда болған оқиға туралы шұғыл қызметтерге хабарлап, көмекке жүгінудің орнына, тергеу нұсқасы бойынша, үй иесі мәйітті жертөлеге жасырып қойған, — деп хабарлады департаменттен.

Аталған дерек бойынша қазір адам өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Сот-медициналық сараптаманы қоса алғанда бірқатар кешенді сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның барлық мән-жайы тексеріліп жатыр.