01.07.2026, 18:20

1 қыркүйектен бастап мектептерде «Конституция негіздері» пәні оқытылатын болады

Фото: Pixabay

Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.

Жаңа оқу жылынан бастап еліміздің мектептерінде жаңа міндетті оқу пәндері енгізіледі, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, өзгерістер жаңа Конституцияны жүзеге асыру аясында әзірленген.

«Жаңа оқу жылынан бастап білім беру жүйесі бірнеше жаңа оқу пәндерімен толығады. 5-7-сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері» пәні енгізіледі. Ал 8-11-сыныптарда «Заң және тәртіп» міндетті курсы оқытылады. Бұдан бөлек, 5–11-сынып оқушылары үшін «Жеке қауіпсіздік» міндетті курсы енгізіледі», – деді Сүлейменова.

Министрдің айтуынша, бастауыш сыныптарға арналған білім беру бағдарламасының мазмұны қайта қаралып жатыр.

«Әліппе» пәнін оқытуға 84 сағат бөлінді, ал «Ана тілі» пәні екінші жартыжылдықта оқытылады. Сондай-ақ оқытуды қазақ тілінде алғаш бастайтын балалар үшін арнайы тілдік бейімдеу бағдарламасы енгізіледі», – деді Сүлейменова.

Сонымен қатар 1-сынып оқушылары үшін бейімделу кезеңі енгізіледі, оқу жүктемесі азайтылып, білім берудің практикалық бағыты күшейтіледі. Бағдарламалар балалардың жас ерекшеліктеріне сай ыңғайланады.