03.07.2026, 09:35

Көкшетаудағы «Сарыарқа» шағын ауданы тағы да су астында қалды

Фото: видео скриншот

Тұрғындар көлікпен әрең өтетін бұл батпақтан жаяу адамның, әсіресе балалар мен қарттардың өтуі мүмкін емес екенін айтып, ашынуда.

Көкшетау қаласындағы «Сарыарқа» шағын ауданының тұрғындары үшін әрбір жауыннан кейін көшелердің суға толуы үйреншікті, бірақ бітпейтін азапқа айналды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Кезекті нөсерден кейін №9/3 және №9/4 үйлердің арасындағы жол кәдімгі көлге айналып, халықтың қатынауын қиындатқан. Жергілікті жұрт бұл маңға сапалы жолдың салынуын жылдап күткенімен, билік тарапынан ешқандай нәтиже болмай, барынан да айырылып отыр. Тұрғындар көлікпен әрең өтетін бұл батпақтан жаяу адамның, әсіресе балалар мен қарттардың өтуі мүмкін емес екенін айтып, ашынуда.

Өңір әкімдігі тұрғын үйлерді тапсырғанымен, қарапайым инфрақұрылым мен суағар (ливневка) жүйесін ретке келтіруді тағы да ұмыт қалдырған сыңайлы. Халықтың салығынан жиналған бюджет қайда кетіп жатыр және қала басшылығы бұл мәселені назарға алу үшін тағы қанша жыл керек?