Негізгі өнімі – мыс концентраты және пирит концентраты.
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі Қарағайлы кентіне жұмыс сапары барысында Қарағайлы байыту фабрикасының жұмысымен танысты. Сапар аясында өндірістік инфрақұрылымды жаңғырту, технологиялық жабдықтың сенімділігін арттыру және кәсіпорынның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қарағайлы байыту фабрикасы «Qaragayly Tau-ken ondirisi» филиалының құрамына кіреді және Абыз, Ақбастау, Қажықонған кен орындарынан өндірілетін полиметалл кенін өңдейді. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 1,4 млн тонна кенді құрайды. Негізгі өнімі – мыс концентраты және пирит концентраты.
Өндірістік нысандарды аралау барысында фабриканы дамытуға бағытталған бірінші кезектегі іс-шаралар кешені қаралды. Атап айтқанда, сүзгілеу учаскесіне жабдық сатып алу үдерісін жеделдету, қалдық шаруашылығының қойыртпақ құбырын ауыстыру, кәсіпорынды ауыз сумен қамтамасыз ететін су құбырын жаңғырту, сондай-ақ ұсақтау корпусын қосалқы және құрамдас бөлшектермен қамтамасыз ету мәселелері пысықталды. Аталған іс-шараларды жүзеге асыру жабдықтың сенімді жұмысын қамтамасыз етуге және жоспардан тыс тоқтап қалу тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік береді.
Кәсіпорынды материалдық-техникалық қамсыздандыру мәселесіне ерекше мән берілуде. «Qaragayly Tau-ken ondirisi» филиалының 2026 жылға арналған инвестициялық бағдарламасы аясында жабдық, материал, қосалқы және құрамдас бөлшек сатып алуға 5,3 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Оның ішінде шамамен 3 млрд теңге Қарағайлы байыту фабрикасына, ал 2 млрд теңгеге жуығы Ақбастау, Абыз және өзге де кеніштерге бөлінеді. Қаражат бірнеше негізгі өндірістік бағытты дамытуға бағытталады. Атап айтқанда, сүзгілеу, ұсақтау және конвейерлік шаруашылық учаскелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге, құбыр және сорғы инфрақұрылымын жаңғыртуға, электр жабдықтары мен кабель өнімдерін, тау-кен және технологиялық жабдықтарға арналған қосалқы бөлшектерді, сондай-ақ өндірістік міндеттердің қауіпсіз әрі үздіксіз орындалуына қажетті материалдарды сатып алуға жұмсалады.
Өндірістік базаны одан әрі жаңарту аясында фабрикаға қызмет көрсетуге арналған жаңа тиеу техникасын сатып алу мәселесі қарастырылуда. Бұл өндірістік жұмысты жедел орындауға мүмкіндік беріп, техниканы жалға алу қажеттілігін қысқартуға ықпал етеді.
Қарағайлы байыту фабрикасының балансындағы «Сосновый бор» учаскесін аралау жұмыс сапарының жеке бағыты болды. Нысан Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орналасқан. Оның құрамына тұрғын үйлер, инженерлік инфрақұрылым нысандары, қазандық, сондай-ақ сумен және электр энергиясымен қамтамасыз ету жүйелері кіреді. Нысанды аралау барысында ғимараттар мен инженерлік желілердің техникалық жағдайы қаралып, оларды кезең-кезеңімен жөндеу және жаңғырту бойынша алда атқарылатын жұмыстар айқындалды.
Қарағайлы байыту фабрикасын жаңғырту «Қазақмыс» Тобының өндірістік үдерістің сенімділігін арттыруға, технологиялық жабдықты жаңартуға және заманауи еңбек жағдайын қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді инвестициялық бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. Компания өндірістік активтерді кезең-кезеңімен жаңғыртуға тұрақты инвестиция салып, олардың тиімді әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп келеді.