07.07.2026, 21:30

Павлодарда жедел жәрдем көлігі жаяу жүргіншіні қағып кетті

Фото: видеодан скриншот

Әлеуметтік желілерде оқиға орнында асфальтта жатқан зардап шеккен әйелдің видеосы тарады.

Павлодар қаласында жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан әйелді жедел жәрдем көлігі қағып кетті. Оқиға Академик Сәтбаев көшесіндегі бағдаршаммен реттелмейтін өткелде болған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Әлеуметтік желілерде оқиға орнында асфальтта жатқан зардап шеккен әйелдің видеосы тарады. Осы жағдайға байланысты Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясы түсініктеме берді.

Мекеме мәліметінше, реанимобиль бірінші санаттағы шұғыл шақыртуға бара жатқан. Көлік арнайы жарық белгілері мен дыбыстық сиренасын қосып қозғалған кезде жаяу жүргіншілер өткеліне әйел шығып кеткен.

Жедел жәрдем қызметкерлері соқтығыс болғаннан кейін зардап шеккен әйелге оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оны Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізген. Ал бастапқы шақырту басқа жедел жәрдем бригадасына тапсырылған.

Жедел жәрдем станциясының мәліметінше, жүргізушінің әрекетіне құқықтық бағаны полиция береді. Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайын анықтау мақсатында тексеру жүргізіліп жатыр.