08.07.2026, 09:15

Шахтинск әкімдігі уәдені үйіп, халықты батпаққа батырып қойды

Фото: видео скриншот

Мердігер компания асфальтты қазып тастап, уәде бергенімен, жұмысты соңына дейін жеткізбей, сол күйі тастап кеткен.

Қарағанды облысына қарасты Шахтинск қаласындағы Мәскеу және Станционная көшелерінің қиылысында (27-орам, «Болашақ» аялдамасының маңы) жол жөндеу жұмыстары сиырқұймышақтанып кетті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Мердігер компания асфальтты қазып тастап, уәде бергенімен, жұмысты соңына дейін жеткізбей, сол күйі тастап кеткен. Жауын жауса болды, бұл аймақ өткел бермес теңізге айналып, тұрғындар үйлеріне жету үшін тізеден келетін лай мен батпақты кешуге мәжбүр.

Салықты уақытылы төлеп отырған халық күнделікті кедергілерден өтуден шаршағанын және құлап, жарақат алу қаупі жоғары екенін айтып шағымдануда. Тұрғындар есеп беруге ғана шебер жергілікті әкімдіктің бұл жауапсыздығына наразы болып, шенеуніктердің өздерін жаңбырдан кейін осы жолмен жаяу жүріп өтуге шақырды.