08.07.2026, 16:40

387 миллион теңге: Еліміздегі ең бай зейнеткер анықталды

Фото: Pixabay

БЖЗҚ мәліметіне сәйкес, ең ірі жинақтың иесі – 51-60 жас аралығындағы ер адам.

Қазақстандағы ең бай болашақ зейнеткердің міндетті зейнетақы шотында 387 547 976 теңге жинақталған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

БЖЗҚ мәліметіне сәйкес, ең ірі жинақтың иесі – 51-60 жас аралығындағы ер адам.

Екінші орында 61 жастағы ер адам тұр. Оның шотында 180 685 003 теңге бар. Үшінші орында 41-50 жас аралығындағы тағы бір ер адам орналасқан. Оның зейнетақы жинағы 151 752 008 теңгені құрайды.

Үздік бестікке екі әйел де енген. Оның бірі – 51-60 жас аралығындағы салымшы, шотында 125 908 192 теңге жинақталған. Ал 41-50 жас аралығындағы тағы бір әйелдің жинағы 116 722 719 теңгеге жеткен.

Бұл деректер 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша өзекті. Мәліметті журналист Игорь Неволин Facebook парақшасында жариялаған.

БЖЗҚ жыл басындағы көрсеткіштерді де ұсынды. Соған қарағанда, ең көп қаражат жинаған салымшы алты ай ішінде өз жинағын тағы 7 миллион теңгеге арттырған. Ал екінші орында тұрған 61 жастағы салымшының қаражаты шамамен 2 миллион теңгеге азайған. Үшінші орында тұрған ер адамның жинағы осы кезеңде 6 миллион теңгеден астам өскен.

Ал әйелдер арасында жағдай айтарлықтай өзгерген. Егер қаңтар айында ешбір әйелдің жинағы 100 миллион теңгеге жетпесе, маусым айында екі әйелдің шотындағы қаражат бұл межеден асты.

Сондай-ақ 61 жастағы бір әйелдің зейнетақы шотында 95 721 470 теңге сақталған. Бұл оның зейнетақы төлемдерін ала бастағанын немесе жинақтың бір бөлігін пайдаланғанын көрсетуі мүмкін.

20 жасқа дейінгі салымшылар арасында ең жоғары көрсеткіш 18 596 961 теңге жинаған қыз балаға тиесілі. Ал осы жас санатындағы ең көп қаражат жинаған жігіттің шотында 10 525 874 теңге бар.

БЖЗҚ мәліметінше, бүгінде 30 049 салымшының міндетті зейнетақы шотындағы қаражат ең төменгі жеткіліктілік шегінен жоғары. Мұндай салымшылар ең көп 41 жас санатында тіркелген – 1 487 адам.