08.07.2026, 18:20

Германиядағы гимназияда пышақпен шабуыл жасалып, бірнеше адам жараланды

Фото: Pixabay

Оқиға 8 шілде күні жергілікті уақыт бойынша шамамен сағат 12:50-де Вельфен гимназиясында болған.

Германияның Бавария аймағындағы Шонгау қаласында орналасқан гимназияда белгісіз ер адам пышақпен бірнеше адамға шабуыл жасады. Салдарынан зардап шеккендер ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Күдікті оқиға орнынан қашқанымен, көп ұзамай полиция қызметкерлері оны ұстады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оқиға 8 шілде күні жергілікті уақыт бойынша шамамен сағат 12:50-де Вельфен гимназиясында болған.

Полиция мәліметінше, оқиға орнына 15-тен астам патрульдік көлік пен тікұшақ жұмылдырылған. Құқық қорғау органдары шабуылды бірнеше адамға бағытталған әрекет ретінде қарастырып жатыр.

Алдын ала мәлімет бойынша, бірнеше адам пышақ жарақатын алған. Олардың жағдайы ауыр екені хабарланды. Қазіргі уақытта зардап шеккендердің нақты саны, сондай-ақ олардың оқушы немесе мұғалім екені анықталып жатыр. Полиция көптеген адамның жараланғанын растады.

Күдікті мектеп аумағы мен оған жақын маңда шабуыл жасағаннан кейін қашып кеткен. Алайда ол көп ұзамай ұсталды. Оқиғаның себептері мен шабуылға қатысты барлық мән-жайлар тексерілуде.

Полиция тұрғындарға гимназия орналасқан аумаққа бармауға кеңес берді. Сонымен қатар оқушылардың ата-аналары мен жақындары үшін Банхофштрассе көшесіндегі өрт сөндіру бөлімінде арнайы жиналу орны ұйымдастырылған.

Лех өзенінің жағасында орналасқан, шамамен 12 мың адам тұратын Шонгау қаласындағы оқиғаға байланысты тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.