09.07.2026, 16:40

«Жазамды өмір бойына өтеуге дайынмын»: Сәрсемәлиев сотта соңғы сөзін айтты

Фото: видеодан скриншот

"Мен тергеуден қашқан жоқпын, әділдік алдында жауапкершіліктен де қашпаймын".

Сотта қос тараптың жарыссөзі басталып, прокурорлар айыпталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Осылайша, Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында "бүтін бір отбасының 4 адамын өлтірді" деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке соңғы сөзін айтуға мүмкіндік берілді. 

Ол өз қайын атасы Мақсот Қарабалинді, қайын енесі Нәсіп Өтешқалиеваны, сондай-ақ олардың ересек балалары Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевті өлтірді деп айыпталған. 

Сұлтан Сәрсемәлиев өмір бойына бас бостандығынан айырумен қоса, кез келген жазаны өтеуге дайын екенін мәлімдеді. 

– Өз қолыммен жасаған іске басыммен жауап беруге дайынмын. Мен тергеуден қашқан жоқпын, әділдік алдында жауапкершіліктен де қашпаймын. Өмір бойына бас бостандығынан айырылуға дайынмын. Бірақ оларды ақша үшін немесе басқа қылмысты жасыру үшін өлтірдім деуге ешқашан тілім бармайды, – деді сотталушы.

Айыпталушының сөзінше, қылмыс қаза тапқандармен арадағы жанжалдан соң жасалған. 

– Олардың әрқайсысы мені қылмысқа итермеледі, намысым мен қадір-қасиетімді таптады. Не істегенімді өзім білемін және оған өзім жауап беремін. Мұны өмір бойы өтеуге дайынмын, – деді ол сотқа арнаған соңғы сөзінде.