10.07.2026, 22:30

«Бас сүйегін жартылай алып тастаған»: Алматыда үстіне ағаш құлаған 19 жастағы бойжеткен қайтыс болды

Фото: әлеуметтік желі

Алайда жас қыз арада екі апта өткен соң ес жимаған күйі қайтыс болып кетті. 

Алматыдағы Баума тоғайында ағаш құлап, ауыр жарақат алған 19 жастағы Селина ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. Бұл туралы марқұмның туыстары мәлімдеді. Қайғылы оқиға 27 маусым күні болған. Тоғай ішінде жүрген қыздың үстіне ірі ағаш құлап, ол ауыр бас-ми жарақатын, аяқ пен жамбас сүйектерінің ашық сынуын, сондай-ақ ішкі ағзаларының зақымдануын алған.

Алайда жас қыз арада екі апта өткен соң ес жимаған күйі қайтыс болып кетті. 

Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін күрделі ота жасап, миындағы қысымды төмендету мақсатында бас сүйегінің бір бөлігін алып тастаған. Алайда бойжеткен ұзақ уақыт жансақтау бөлімінде ауыр халде жатып, есін жимаған күйі қайтыс болды. Марқұмның туыстары бұл жағдайға қаладағы жауапты мекемелердің салғырттығы себеп болды деп санайды. Олардың айтуынша, оқиғадан кейін отбасы мүшелерімен жергілікті билік өкілдері байланысқа шықпаған. Алматы әкімдігі бұған дейін оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлаған еді. Сондай-ақ Баума тоғайында ағаштардың құлау қаупі туралы ескерту тақтайшалары орнатылғанын және биыл апатты, қураған және ауру ағаштарды кесуге рұқсат берілгенін мәлімдеген.

Тегтер: Алматы