Оқиға Қостанай станциясындағы Оңтүстік теміржол паркінің аумағында болған.
Қостанай қаласында пойыз вагонына шығып суретке түспек болған жасөспірім жоғары кернеулі тоққа түсіп, күйіп қалды. Осы оқиғадан кейін оның заңды қамқоршысы кәмелетке толмаған баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қостанай облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабының 1-бөлігі бойынша азамат Б.-ға қатысты істі қарады. Сот материалдарына сәйкес, 2010 жылы туған жасөспірімнің қамқоршысы болып табылатын азамат Б. баланың тәрбиесі мен қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етпеген.
Оқиға Қостанай станциясындағы Оңтүстік теміржол паркінің аумағында болған. Бала суретке түсу мақсатында байланыс желісінің астында тұрған пойыз вагонының төбесіне шыққан. Сол сәтте жоғары кернеулі электр тогына түсіп, ауыр жарақат алған.
Дәрігерлер баладан денесінің 60 пайызын қамтыған III дәрежелі күйіктен болған шокты, сондай-ақ мұрны мен тілінің соғылып жарақаттанғанын анықтаған. Жасөспірімнің анасы қайтыс болғаннан кейін нағашыларының қолына барған. Алайда заңды қамқоршысы атанған өгей шешесі балаға көңіл аудармаған. Қамқоршылық міндетін дұрыс атқармаған азаматқа айыппұл салынды.