$ 464.71  531.26  6.05

Алматыда 885 отбасы жаңа пәтердің кілтін алады

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды мен «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж отбасыларға жаңа пәтерлердің кілтін табыстау рәсіміне қатысты.

Фото: Алматы қаласы әкімдігі
Фото: Алматы қаласы әкімдігі

2026 жылы Алматыда тұрғын үйге мұқтаж 11 мыңнан астам азамат баспанамен қамтылады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды мен «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж отбасыларға жаңа пәтерлердің кілтін табыстау рәсіміне қатысты. Бағдарламаның алғашқы кезеңі аясында коммуналдық тұрғын үй қорынан 885 отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі.

Жаңа қоныс иелерін құттықтаған Дархан Сатыбалды азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, халықтың әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Әсіресе, мемлекеттің қолдауына шын мәнінде мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Биыл Алматыда тұрғын үйге мұқтаж 11 мыңнан астам азаматтың баспана жағдайын жақсарту жоспарланып отыр», – деді шаһар басшысы.

Оның айтуынша, бүгінгі кезең алматылықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі ауқымды жұмыстың бастамасы болды. Алғашқы кезеңде 885 пәтер берілсе, екінші кезеңде – 1832, үшінші кезеңде – 670, ал төртінші кезеңде 6161 пәтерді табыстау жоспарланған. Осылайша, жыл соңына дейін мыңдаған алматылық отбасы баспана мәселесін шешуге мүмкіндік алады.

Жалпы, 2026 жылы 8250 азамат жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, 1298 адам жеңілдетілген несие бағдарламалары арқылы баспана сатып алса, кемінде 1650 жас маман «Алматы жастары» бағдарламасы аясында жеке баспанасының иесі атанады.

Бұдан бөлек, қалада мемлекеттік қолдаудың қосымша тетіктері де жалғасады. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға ипотекалық несие рәсімдеу кезінде бастапқы жарнаның бір бөлігін өтеуге арналған тұрғын үй сертификаттары беріледі. Биыл осындай 200 сертификат табыстау жоспарланған.

Сондай-ақ, жалдамалы тұрғын үйде тұратын азаматтарға жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау тетігі де сақталады. Бұл шара тұрғын үйге мұқтаж отбасылардың қаржылық жүктемесін азайтып, баспананың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0