$ 464.71  531.26  6.05

Вьетнамда туристер мінген катер аударылып, 15 адам қаза тапты

Фукуок аралы маңындағы апат кезінде бортта 36 адам болған, олардың 21-і құтқарылды.

Фото: Видеодан алынған кадр
Фото: Видеодан алынған кадр

Вьетнамның Фукуок аралы жағалауында туристер мінген жылдам жүретін катер аударылды. Бортта 36 адам, оның ішінде Үндістанның 32 азаматы мен экипаждың төрт мүшесі болған. Оқиға салдарынан 15 адам қаза тауып, 21 адам құтқарылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

VnExpress басылымының мәліметінше, кеме Хон Мэй Рут Нгоай аралынан қайтып келе жатқан кезде жағалаудан шамамен 400 метр қашықтықта кенеттен басқарудан шығып, аударылып кеткен. Соның салдарынан борттағы адамдардың барлығы суға құлаған.

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, алғаш болып көмекке маңайда жүрген туристік кемелердің экипаждары жеткен. Кейін құтқару жұмыстарына шекарашылар, әскери-теңіз күштері, жағалау күзеті және басқа да төтенше жағдай қызметтері жұмылдырылған.

Құтқару жұмыстарын катер ішінде қамалып қалған жолаушылардың болуы қиындатқан. Басылымның мәліметінше, судан санаулы ғана адам есін жоғалтпаған күйде шығарылған.

Апат болған сәтте Антхой теңіз айдынында толқын қатты болғанымен, жаңбыр жаумаған. Соған қарамастан басқа туристік кемелер қозғалысын жалғастырған.

Қаза тапқандардың мәйіттері түгел табылды. Зардап шеккендер медициналық мекемелерге жеткізілді. Жылдам жүретін катердің апатқа ұшырау себептері анықталып жатыр, тергеу жалғасуда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0