Ешқандай алдын ала ескерту немесе ресми мәлімдеме жасалмады.
Шымкент әуежайында тағы да айқай-шу. Бұл жолы SCAT әуе компаниясы Жезқазғанға ұшуы тиіс жолаушыларды тығырыққа тіреді. Адамдар рейс өтетін уақытты күтіп, енді ғана тіркелу басталған сәтте, ұялы телефондарына «рейс тоқтатылды» деген суық хабарлама бір-ақ келген. Ешқандай алдын ала ескерту немесе ресми мәлімдеме жасалмады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Сапарға шыққан халықтың жоспары аяқ астынан күл-талқан болды. Ашуға мінген жолаушылар әуежай қызметкерлерін қоршап алып, жағдайды түсіндіруді талап етті. Алайда, дәл сол сәтте елді жұбатып, мәселенің мән-жайын нақты айтып беретін компания өкілдері табыла қоймады. Осыдан кейін әуежай іші наразылық пен айқай-шуға ұласты. Бірінің жұмысы, бірінің маңызды шаруасы, енді бірінің денсаулығына байланысты шұғыл сапары күйіп кеткен жұрт кімнен көмек сұрарын білмей дал.
Ең сорақысы — SCAT әуе компаниясы әзірге бұл жағдайға қатысты ешқандай ресми түсініктеме берген жоқ. Үнсіз отыр. Қарапайым халықтың қалтасынан ақшасын алып, билетін сатып, бірақ қиын сәтте жауапкершіліктен қашу үрдісі қашанғы жалғаса береді? Бұл мәселеге құзырлы органдар мен Көлік министрлігі тарапынан нақты шара қолданылуы тиіс.