Сондай-ақ Үнзила Шапақ 23 тамызға белгіленген саяси науқанның уақытын да түсіндіріп, жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін мемлекеттік басқару жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуі маңызды екенін айтты.
Заң ғылымдарының докторы, депутат Үнзила Шапақ Qasqa Jol YouTube арнасына берген сұхбатында партия төрағаларының жаппай ауысу себебі мен елдегі конституциялық реформалардың мәніне тоқталды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Депутаттың айтуынша, парламенттік реформаны әзірлеу барысында заң шығарушы органның жаңа моделі қалыптасып, соған сәйкес саяси партиялар да өз стратегиясын қайта қарауға кіріскен.
«Парламенттік реформа жөнінде жұмыс тобы қызметін бастады. Соны талқылау барысында парламентте үлкен өзгеріс болатыны анық болды. Біріншіден, парламентіміз тізіммен жасақталатын болды. Екіншіден, бір палаталы парламентке ауысатын болды. Міне, соның нәтижесінде конституциялық реформаға көшті. Солай жаңа Конституция қабылданды. Бұның барлығы Қазақстан қоғамындағы азаматтардың саяси санасы оянып жатыр дегенге әкеледі. Сонымен қатар, саяси сахнада, азаматтардың құқықтық сауатында ілгерілеу бар. Соған байланысты жаңа Конституция қабылданды. Заң шығарушы органымыз "Құрылтай" деп аталады. Құрылтай сайлануына дайындық болып жатыр. Мемлекет дегеніміз қоғамның интеграциясын қамтамасыз ететін саяси ұйым. Ал заң шығарушы тармақ биліктің ірі көзі. Халық заң шығарушы органның құрылуына қатыса алады. Халық саяси партияның бағдарламасы өздері күтіп отырғандай болғанын қалайды. Мемлекеттің алдына қоятын мақсаты саяси партияның бағдарламасы екенін халық түсінді. Енді саяси партиялар да өздерінің нақты алатын орнын жасақтауға кірісті. Соның бірден бірі халыққа сауатты партия көшбасшысын таныту. Төрағаның алатын орны аса ерекше. Олар бірінші кезекте халықтың көңілінен шығу керек. Сондықтан партиялар көшбасшыға деген көзқарасы мен талабын өзгертіп жатыр», – деді ол.
Сондай-ақ Үнзила Шапақ 23 тамызға белгіленген саяси науқанның уақытын да түсіндіріп, жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін мемлекеттік басқару жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуі маңызды екенін айтты.
«Жаңа Конституция 15 наурызда жалпы халықтың дауыс беруі арқылы қабылданды. Ал күшіне 1 шілде күні енді. Ол жерде көзделгеннің бірі мемлекет архитектурасына өзгеріс енгізу еді. Атқарушы, сот, заң шығарушы билік деген үш тармақ бар. Яғни, заң шығарушы билік ұзақ уақыт жұмыссыз жатпауы керек. Қалыптасқан тәжірбие бойынша, шілденің басынан парламент демалысқа кетеді, бірақ осы уақытта халықтың арасына барып, сайлаушылармен кездеседі. Содан кейін қыркүйектен бастап саяси науқан басталады. Біздің де жұмысымыз қазір осыған келіп тұр. Биліктің жұмыс істеуіне кедергі келтірмеуіміз керек. Биліктің тұрақтылығын қамтамасыз етуіміз керек. Бізде қауіп-қатер көп. Арқаны кенге салатын мүмкіндік жоқ. Бұл нағыз жұмыстың қызатын уақыты», – деді депутат.