Бекеттен шыға беріп, көліктері оталмай, «Check Engine» белгісі жанып, моторы істен шыққан халық ашынып отыр.
Қарағанды қаласындағы Штурманская көшесі, 20/1 мекенжайында орналасқан «GazOil» бекетінен жанармай орнына су араласқан сапасыз отын құйылды деген ақпараттан кейін жүргізушілер жаппай шағымдана бастады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бекеттен шыға беріп, көліктері оталмай, «Check Engine» белгісі жанып, моторы істен шыққан халық ашынып отыр. Сапасыз өніммен тұрғындарды шығынға батырған GazOil желісі әлі күнге дейін ешқандай ресми түсініктеме берген жоқ.
Ең сорақысы — аймақтағы өнім сапасы мен халықтың құқығын қорғауға тиіс өңір әкімдігі бұл бассыздыққа көз жұма қарап, тағы да дәрменсіз үнсіздік танытып отыр. Жергілікті биліктің мұндай бақылаусыздығы мен салғырттығы қарапайым халықтың қалтасын қағып, наразылықты одан сайын өршітті.
Шығынға батқан жүргізушілер енді қымбат жөндеу жұмыстарын өз мойнына алып, құзырлы органдардан жауап талап етпек.