Жамбыл облысы Шу ауданында екі адам кәріз құдығына жиналған газдан уланып қаза тапты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Оларды құтқарамын деп көмекке ұмтылған тағы бір қызметкер жансақтау бөліміне жеткізілді.
Қайғылы оқиға Шу қаласы ауруханасының ауласында болған. Куәгерлердің айтуынша, кәріз жүйесін жөндеуге түскен сантехник тұншығып, жанұшыра көмек шақырған. Оны өтіп бара жатып естіген зертхана қызметкері әріптесін шығарып алу үшін тереңдігі үш метр құдыққа түсіп талып қалады. Есінен танып жатқан екі адамды құтқарамын деп көмекке ұмтылған үшінші адам да құдықтан шыға алмай қалған. Оқыс оқиғадан құдыққа үшінші болып түскен сантехник қана аман қалды. Қазір ол дәрігерлердің бақылауында.
ҚР ҚК 156-бабының 4-бөлігімен, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзу бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Толық, жан-жақты және объективті тергеп-тексеру бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданатын болады, – деді Жамбыл облысы ПД ресми өкілі Құндыз Бөгенбаева.