$ 477.11  545.58  6.2

КІА ҒЗИ Қазақстанда жоғары технологиялық медициналық көмекті жүйелі түрде дамытуды жалғастыруда

Фото: КІА ҒЗИ
Фото: КІА ҒЗИ

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да митралды қақпақшаны «шеттен-шетке» (TEER - Transcatheter Edge-to-Edge Repair) әдісімен транскатетерлік пластикалау бойынша халықаралық практикалық шеберлік сабағы өтті. Іс-шара ауыр митралды регургитациясы бар пациенттерді емдеудің заманауи әдістерін енгізу мақсатында Қазақстанның жетекші мамандары мен Қытай Халық Республикасының халықаралық сарапшыларын біріктірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

КІА ҒЗИ  Басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаевтың жетекшілігімен институт озық медициналық технологияларды енгізу, халықаралық ғылыми және кәсіби ынтымақтастықты дамыту, отандық мамандарды даярлау, сондай-ақ ел азаматтарына жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытындағы көпжылдық дәстүрлерін жүйелі түрде жалғастырып келеді.

 Шеберлік сабағы аясында ауыр митралды регургитациясы бар пациенттерге жоғары технологиялық аз инвазивті күрделі араласулар орындалды. Барлық операциялар жүректі тоқтатпай, жасанды қанайналымсыз және ашық хирургиялық араласусыз жүргізілді.

Операциялар мен білім беру бағдарламасының негізгі кезеңдері халықаралық жетекші сарапшылардың қатысуымен өтті: Шаньдун университетінің Цилу ауруханасының эхокардиография департаментінің директоры, профессор Liu Yan, құрылымдық жүрек араласулары кезінде интраоперациялық эхокардиографиялық сүйемелдеу бойынша халықаралық сарапшы профессор An Guipeng, сондай-ақ маман Zhang Chao.

Жоғары технологиялық араласуларды институттың рентгенэндоваскулярлық операциялық блогының меңгерушісі Алексей Колесниковтың жетекшілігімен мультидисциплинарлық команда орындады. Операциялық топ құрамында интервенциялық кардиологтар: Алмат Қалжанов, Нұржан Теменов, Арыстан Күжүкеев және Маржан Ілиясқызы.

Пациенттерді операцияға дайындау, оларды жан-жақты тексеруден өткізу, араласуға көрсетілімдерді анықтау және операциядан кейінгі бақылау жүргізу барысында  Әсем Амантаеваның жетекшілігімен институттың кардиологтар командасы маңызды рөл атқарды.

Барлық араласулардың интраоперациялық эхокардиографиялық сүйемелдеуін функционалдық және ультрадыбыстық диагностика бөлімінің меңгерушісі Ақжан Қонысбекованың жетекшілігімен бөлім мамандары қамтамасыз етті. Жүргізілген эхокардиографиялық бақылаудың арқасында DragonFly жүйесінің дәл орналасуы, араласу нәтижесінің объективті бағалануы және пациенттердің қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.

Пациенттердің клиникалық жағдайлары жан-жақты талқыланып, науқастарды іріктеудің, араласуды жоспарлаудың және TEER процедурасын жүргізудің заманауи тәсілдері қарастырылды. Барлық операциялар митралды қақпақша жармаларын бір-бірінен тәуелсіз ұстауға мүмкіндік беретін, сол арқылы митралды регургитацияны тиімді жоятын заманауи DragonFly жүйесінің көмегімен орындалды.

Халықаралық шеберлік сабағын өткізу - КІА ҒЗИ-да және тұтастай Қазақстанда жоғары технологиялық медициналық көмекті дамытудың кезекті кезеңі. Көптеген жылдар бойы институт жүрек-қан тамырлары ауруларын диагностикалау мен емдеудің инновациялық технологияларын енгізу саласындағы жетекші орталық ретінде отандық кардиологияның үздік дәстүрлерін сақтап, оларды одан әрі дамытып келеді.

Осындай халықаралық білім беру іс-шаралары әлемдік озық тәжірибемен алмасуға, инновациялық емдеу әдістерін енгізуге және Қазақстандағы құрылымдық интервенциялық кардиологияның одан әрі дамуына ықпал етеді. DragonFly жүйесін қолдана отырып TEER әдісімен митралды қақпақшаны транскатетерлік пластикалау технологиясын меңгеру ауыр митралды регургитациясы бар пациенттерге жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейтіп, олардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0