$ 477.11  545.58  6.2

Қостанайда зейнеткер 34 млн теңгесінен айырылып қала жаздады

Осыдан кейін полиция қызметкерлері іске жедел араласқан.

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com

Қостанай облысында зейнеткердің 34 млн теңгесін алаяқтарға аудару әрекеті дер кезінде тоқтатылды. Банк қызметкерлері мен полицейлердің жедел әрекетінің арқасында әйел қаржылық шығынға ұшыраған жоқ, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Қостанай облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 13 шілде күні егде жастағы тұрғынға алаяқтар хабарласып, өздерін алдымен энергиямен жабдықтаушы ұйымның қызметкерлері ретінде таныстырған.

Олар есептегіш құралдарды тексеру сылтауымен әйелден SMS арқылы келген кодты айтуды сұраған. Кейін қоңырау шалғандар өздерін мемлекеттік орган өкілдері ретінде таныстырып, әйелдің жеке деректері тарағанын және оған қатысты кибершабуыл жасалып жатқанын айтқан.

Артынша жалған құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде әрекет еткен алаяқтар зейнеткерді есепшотындағы 34 млн теңгені «қауіпсіз шоттарға» аударуға көндірмек болған. Ақша аудару кезінде банктің қауіпсіздік жүйесі күмәнді әрекетті байқап, ықтимал алаяқтық туралы хабарлаған.

Осыдан кейін полиция қызметкерлері іске жедел араласқан. Нәтижесінде ақша аударымы тоқтатылып, зейнеткерге материалдық шығын келген жоқ. Полиция азаматтарды қырағы болуға шақырады. Банк, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекеме өкілдері «қауіпсіз шоттарға» ақша аударуды ешқашан талап етпейді.

Егер күмәнді қоңырау түссе, әңгімені дереу тоқтатып, ақпаратты ресми байланыс арналары арқылы тексеру қажет.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0