22.08.2014, 11:02

Ақтауда газ бағасын қымбаттатқандар жазаланатын болады

Сурет: autonews.autoua.net

Ақтауда сұйытылған газ бағасының шарықтауына себепші болған алыпсатарлар жазаланатын болады. Бұл туралы арнайы баспасөз мәжілісін өткізген Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев мәлімдеді. 

Ортада жүрген делдалдар Жаңаөзен газ өңдеу зауытынан шыққан сұйық отынды аймақтан тыс жерлерге, шетелдерге сатқан. Осының салдарынан газ тапшылығы орын алып, жекеменшік газ құю бекеттері бағаны екі есеге көтеріп жіберген.

Әкімшіліктің мәліметі бойынша, қазіргі уақытта айыптыларды анықтау жұмыстарымен құқық қорғау қызметкерлері айналысып жатыр. Ал, газ бағасын төмендету мақсатында облыс әкімдігінде арнайы жұмыс тобы құрылды. Олар газ құю бекеттерінің иелерімен кездесіп, қатаң талап қоюда. Бұдан былай сұйық газдың литрін 37 теңгеден жоғары сатқан кәсіпкерлерге зауыттан газ берілмейді. Осындай келіссөздердің нәтижесінде бүгін Ақтаудағы 5 газ құю бекеті бағаны төмен түсірді.

— Осы жерде штаб құрылды, барлық мәлімет осы штабқа келіп түседі. Мамандарымыз арнайы көлікпен газ құю бекетіне дейін барады. Сол жерден өздері бәрін көріп, қандай бағамен сатылып жатқанын бақылайды. Біздің кестеге келіскен кәсіпкерлерге ғана газ жіберіледі, басқа адамдарға жіберілмейді, — деді Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев.