Жұмысты соңына дейін жеткізбей тайып тұрған.
Көкшетаудағы Қанай би көшесінде орналасқан зағип және нашар көретін жандар тұратын үйдің ауласы жаз басталғалы бері нағыз тозаққа айналды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Мердігерлер алдымен бүкіл маңды қиыршық таспен толтырып, артынша үстіне ыстық күнде балқып, аяқ киімді бүлдіретін жабысқақ қара май (шайыр) төгіп, жұмысты соңына дейін жеткізбей тайып тұрған. Жанарынан айырылған жандар үшін мұндай бұдырлы, тайғанақ әрі жабысқақ жолмен жүру күнделікті өмірде үлкен қауіпке айналып отыр. Оның үстіне, жұмыс басталғанда ауладағы барлық орындықтарды сырып әкеткендіктен, егде жастағы тұрғындардың жаз бойы сыртқа шығып демалуға да мүмкіндігі қалмады.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен Көкшетау қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев асфальтты маусымның соңына дейін төсеп беруге уәде бергенімен, шілденің ортасы келсе де іс орынынан қозғалар емес. Шенеуніктердің мүгедектігі бар жандардың мұқтаждығына мұншалықты немқұрайлы қарауы тұрғындардың заңды ашу-ызасын тудырып, әлеуметтік желіде үлкен наразылық туғызып жатыр.