15.07.2026, 16:20

«Жолдың кесірі тиді»: СҚО тұрғындары жүкті әйелдің өліміне қатысты дабыл қақты

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

34 жастағы Дарима Сағдееваның денсаулығы кенеттен сыр беріп, қан кету белгілері байқалған.

Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында жүкті әйел қайтыс болды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Благовещенка ауылының тұрғындары қайғылы жағдайға ауылдар арасындағы жолдың нашар жағдайы әсер еткенін айтып отыр.

Тұрғындардың мәліметінше, 34 жастағы Дарима Сағдееваның денсаулығы кенеттен сыр беріп, қан кету белгілері байқалған. Жақындары дереу жедел жәрдем шақырған.

Алайда ауыл тұрғындарының айтуынша, медициналық көмек көлігі Пресновка мен Благовещенка арасындағы жолдың жарамсыз күйіне байланысты оқиға орнына баяу жеткен. Шамамен 37 шақырымдық аралықты жедел жәрдем бір жарым сағаттай уақытта жүріп өткен. Дәрігерлер жеткен кезде әйелдің жағдайы тым ауыр болған. Нәтижесінде оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмай, іштегі сәбиі де шетінеп кеткен.

Марқұм Дарима Сағдеева Благовещенка ауылындағы мектепте ұстаз болып жұмыс істеген. Ол өңірге қоғамдық белсенділігімен танылған, екі баланың анасы және үшінші сәбиін күтіп жүрген.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, мұғалім бірнеше аудандық және облыстық байқаулардың жеңімпазы атанып, «Үздік мұғалім» атағына ие болған. Ол ата-анасының жалғыз перзенті болған.

Жергілікті халықтың сөзінше, қайғылы жағдай болған жол бөлігі әлі күнге дейін жөнделмеген.

«2026 жылдың жазының ортасына келсек те, Пресновка мен Благовещенка арасындағы маңызды жол әлі сол күйінде тұр. Осы жағдайдың кесірінен екі бала анасынан айырылды, ал дүниеге келуі тиіс үшінші сәби өмірге келмеді», – дейді тұрғындар.

Қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы мен жергілікті атқарушы органдар оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.