Дәрігерлердің айтуынша, ыстық ауа райы әсіресе жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдардың денсаулығына әсер етуде.
Алматыда аптап ыстыққа байланысты жедел медициналық жәрдем қызметіне жүгінген тұрғындар саны артты. Шілде айының алғашқы екі аптасында ғана қала бойынша 33,6 мыңнан астам шақырту түскен, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Дәрігерлердің айтуынша, ыстық ауа райы әсіресе жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдардың денсаулығына әсер етуде. Осы кезеңде қан қысымының көтерілуі, жүректің ишемиялық ауруы және жедел миокард инфаркті жағдайлары жиі тіркелген.
Сондай-ақ ми қан айналымының жедел бұзылуына байланысты бірқатар науқас қалалық стационарларға жеткізілді. Қаладағы емханалар созылмалы ауруы бар азаматтарды бақылауда ұстап, қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді және денсаулық жағдайына тұрақты мониторинг жүргізуді жалғастырып жатыр.
Мамандар тұрғындарға күннің ең ыстық уақытында, яғни 11:00-ден 17:00-ге дейін далада ұзақ жүрмеуге кеңес береді. Сондай-ақ жеткілікті мөлшерде су ішу, жеңіл киім кию және бас киім қолдану маңызды.
Дәрігерлер денсаулық жағдайы нашарлаған жағдайда медициналық көмекке бірден жүгіну қажеттігін ескертеді.