$ 468.88  534.1  6.04

Қазақстанның оңтүстігінде 48 градусқа дейін аптап ыстық болады

Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде 18 шілдеге дейін аптап ыстық сақталады.

Фото: pixabay
Фото: pixabay

Кей жерлерде ауа температурасы 48 градусқа дейін жетуі мүмкін. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК қысқа мерзімді ауа райы болжамдары басқармасының басшысы Ардақ Қалменова Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Түркістан және Қызылорда облыстарында күндіз ауа температурасы 43-45 градусқа дейін көтерілген.

— Осындай қатты ыстық 18 шілдеге дейін жалғасады. Осы өңірлерде күндіз ауа температурасы 43-48 градусқа дейін жетеді деп болжанып отыр. Бұл — шілде айы үшін қалыпты құбылыс. Сондай-ақ еліміздің бұл аймағында алдағы бес күнде жауын-шашын күтілмейді, — деді Ардақ Қалменова.

Маманның түсіндіруінше, қазіргі аптап ыстыққа Иран аумағынан келіп жатқан ыстық әрі құрғақ ауа массалары себеп болып отыр. Соның әсерінен еліміздің басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан жоғары.

— Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Павлодар облыстарында әзірге күндіз 23-31 градус шамасында болады. Алайда 18 шілдеден бастап бұл өңірлерде де ыстық күшейіп, ауа температурасы 30-35 градусқа дейін көтеріледі. Ал батыс өңірлерде ауа температурасы біршама төмендеп, күндіз 23-31 градус болады, — деді басқарма басшысы.

Сонымен қоса «Қазгидромет» маманы Астананың ауа-райы болжамына да тоқталып өтті.

— Астанада бүгін күндіз ауа температурасы 35 градусқа дейін көтерілді. Ертең 30-33 градусқа дейін төмендейді. Алайда 18 шілдеден бастап елордада қайтадан ыстық күшейіп, ауа температурасы 35-37 градусқа дейін жетеді, — деді ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0