$ 469.71  536.17  6.01

Сахнада дипломын жыртқан түлек 5 тәулікке қамалды

Оған 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салды.

Фото: видеодан скрин
Фото: видеодан скрин

Алматыдағы Халықаралық бизнес және коммуникация колледжінің диплом тапсыру рәсімінде құжатты көпшілік алдында жыртып тастаған түлек әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жүргізілген тексеру барысында дипломның түпнұсқасы мен оған берілген қосымша, сондай-ақ оқу орны тапсырған мұқабаға ешқандай зақым келмегені анықталған. Белгілі болғандай, бейнежазбада алдын ала дайындалған диплом мұқабасының көшірмесі пайдаланылған.

Соған қарамастан, видео әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, қоғамда түрлі пікір туғызған. Осыған байланысты полиция оқиғаға қатысты тексеру жүргізген.

Әкімшілік сот жас жігіттің әрекетінен қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін таппағанымен, заңсыз контентті жариялап, таратқаны үшін оған 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салды. Бұдан бөлек, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін бес тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде аталған колледждің түлегі Дәулет Әбдірахманның кешірім сұраған видеосы тараған еді. Ол оқу орнының әкімшілігі мен оқытушыларынан кешірім сұрап, жасаған әрекетіне өкінетінін айтты. Сондай-ақ, дипломды жырту әрекетін алдын ала жоспарлағанын, алайда жыртылған құжаттың түпнұсқа емес, оның көшірмесі болғанын мәлімдеді.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0