16.07.2026, 10:00

Павлодарда алаяқтарға алданған зейнеткерлер банкте петарда жарып жіберген

Фото: Видеодан скрин

Оқиға 15 шілде күні сағат 16:00 шамасында болған.

Павлодарда телефон алаяқтарының арбауына түскен ерлі-зайыпты зейнеткерлер банк бөлімшелерінің біріне петарда жасырылған торт әкеліп, оны тұтатқан, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 15 шілде күні сағат 16:00 шамасында болған. Сол уақытта банк бөлімшелерінің бірінде петарданың жарылғаны туралы хабарлама түскен.

Тексеру барысында зейнеткерлердің телефон алаяқтарының құрбаны болғаны анықталды. Бұған дейін олар жалған инвестициялық жобаға ақша салып, қаржысынан айырылған. Кейін алаяқтар олармен қайта байланысып, бұрын салған қаражатын қайтарып беретінін айтып сендірген.

Полицияның мәліметінше, күдіктілер психологиялық қысым көрсету тәсілдерін қолданып, ерлі-зайыптыларды торт пен петарда сатып алуға көндірген. Алаяқтардың нұсқауын орындаған зейнеткерлер торттың ішіне жасырылған петарданы тұтатқан.

Оқиға салдарынан қарт ер адам мен әйел жеңіл жарақат алды.

Қазір аталған дерек бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Полицейлер күдіктілерді іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Әзірге тек дропперлер ұсталған. Сонымен қатар, құқық қорғау органдары зейнеткерлердің алаяқтарға аударған қаражатын қайтару бойынша тиісті шаралар қабылдап жатқанын мәлімдеді.