16.07.2026, 11:40

«Тағдырдың тосын сыйы»: Месси 19 жыл бұрын шомылдырған сәби финалда оған қарсы ойнайды

Фото: Joan Monfort/AP Photo/ТАСС

Бұл фотосурет 2007 жылдың желтоқсанында түсірілген.

19 шілде күні футболдан Әлем чемпионатының финалында Аргентина мен Испания құрамалары кездеседі. Шешуші матч қарсаңында әлеуметтік желілерде ерекше архивтік сурет қайтадан қызу талқылана бастады. Онда жас Лионель Месси бес айлық Ламин Ямальды шомылдырып жатқан сәт бейнеленген, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бұл фотосурет 2007 жылдың желтоқсанында түсірілген. Ол кезде 20 жастағы Месси «Барселонаның» жас жұлдызы саналса, Ламин Ямаль небәрі бес айлық сәби еді.

Фотосессияны «Барселона» қоры Diario Sport басылымымен бірлесіп, ЮНИСЕФ пен өзге де қайырымдылық ұйымдарына қаржы жинау мақсатында ұйымдастырған. 2008 жылғы күнтізбеге арналған жоба аясында клуб футболшылары сәбилермен бірге суретке түскен. Сол балалардың бірі кейін Испания құрамасының басты жұлдызына айналған Ламин Ямаль болды.

Суреттің авторы, фотограф Джоан Монфорттың айтуынша, түсірілім оңай өтпеген. Оның сөзінше, сол кездегі жас Месси өте ұяң болғандықтан, бейтаныс сәбимен бірден тіл табыса алмаған. Біраз уақыттан кейін ғана екеуі үйренісіп, нәтижесінде көпшілікке жылы әсер қалдырған кадр дүниеге келген.

Түсірілім кезінде Ламиннің анасы Шейла Эбана да жанында болған. Ол ұлын Матаро қаласынан арнайы «Камп Ноу» стадионына алып келген.

Арада бірнеше жыл өткен соң Ламин Ямаль «Барселонаның» әйгілі «Ла Масия» академиясына қабылданып, жасөспірім шағынан-ақ ерекше талантымен көзге түсті. Ол 15 жасында Испания чемпионатында дебют жасап, 16 жасында ұлттық құрама сапында алғашқы ойынын өткізді.

2024 жылы Испания құрамасымен Еуропа чемпионатын жеңіп, турнирдің басты жұлдыздарының біріне айналған Ямаль бүгінде кезінде Месси киген «Барселонаның» 10-нөмірлі жейдесін иеленіп жүр.

Фотограф Джоан Монфорт бұл тарихи суретті өзінің мансабындағы ең сәтті кадрлардың бірі деп бағалап, оны «лотереядан бас жүлде ұтып алғанмен бірдей» деп сипаттады.

Енді, сол фотосессиядан кейін 19 жыл өткен соң, бір кезде сәби мен жас футболшы болған Ламин Ямаль мен Лионель Месси Әлем чемпионатының финалында бір-біріне қарсы алаңға шығуы мүмкін. Аргентина чемпиондық атағын қорғауға ұмтылса, Испания жас көшбасшысы Ламин Ямальмен бірге әлем чемпионы атануды көздейді.