Жергілікті өңір әкімдігі бұл мәселеге бас ауыртып, нақты шара қолдануға асығар емес.
Қарағандының қақ ортасында, дәлірек айтсақ, «Бұқар Жырау» базарының маңында түн ортасында қаптаған қаңғыбас иттер емін-еркін өріп жүр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Желіде тараған мына бейнежазбадан кешкі сағат 22:30 шамасында көше бойын паналаған ірі төбеттердің жүргіншілер өтетін жолдарды иемденіп алғанын анық көруге болады. Қала тұрғындарының қауіпсіздігіне тікелей қатер төніп тұрса да, жергілікті өңір әкімдігі бұл мәселеге бас ауыртып, нақты шара қолдануға асығар емес.
Ақша бөлініп, бағдарламалар қабылданғанымен, көшедегі мына көрініс шенеуніктердің жұмысы тек қағаз жүзінде ғана ширақ екенін дәлелдеп тұрғандай. Қарапайым халық бала-шағасы үшін алаңдап, үйіне жетудің өзін үрейге айналдырған бұл мәселенің шешімін құзырлы органдар қайғылы жағдай орын алғанда ғана қолға ала ма деген заңды сұрақ туады.