22.08.2014, 12:13

Атырау облысында ер адам қызын құтқарамын деп, өзі суға кетті

Сурет: news.gazeta.kz

Доссор ауылының 42 жастағы тұрғыны Махамбет ауданындағы Орал өзеніне батып қайтыс болды. Ол өзінің 19 жастағы қызын құтқармақ болған, деп хабарлайды аймақтық «Ақ Жайық» басылымы.

Қайғылы оқиға 21 тамыз күні орын алды. Облыстық судан құтқару қызметінің мамандары хабарлағандай, оқыс оқиға күндізгі сағат екілер шамасында орын алған.

Екі отбасы өзен жағасындағы тоғайлы аймаққа келіп демалмақ болыпты. Шомылмақ болып өзенге түскен жәбірленушінің 19 жастағы қызы кенет тұншығып, ата-анасын көмекке шақырған. Әкесі сол сәтте суға түсіп, қызын құтқарып үлгергенімен, өзі шыға алмай суға кетті.

Куәгерлер өзен жағасына байланған ауды байқаған. Оны тартып жағаға шығарған кезде қайтыс болған ер азаматтың денесі де бірге шығыпты. Марқұмның қызын құтқарған сәтте аяғы осы ауға оратылып қалуы мүмкін деген болжам айтылуда.