Қылмыстық істі судья Саммидин Темиралиев қарап жатыр.
Шымкентте қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың ісі бойынша сот процесі басталды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қылмыстық істі судья Саммидин Темиралиев қарап жатыр. Алдын ала сот отырысында сотталушы Шерхан Аймаханның қорғаушысы істі алқабилердің қатысуынсыз қарауды сұрады.
Өз кезегінде марқұмның отбасының адвокаты Аянхан Омаров сот процесін бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жариялап, отырыстарды тікелей эфирде көрсетуді өтінді. Оның айтуынша, бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырған. Сонымен қатар адвокат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да аталған оқиғаға назар аударғанын және Ұлттық құрылтайға осы мәселеге қатысты 100-ден астам өтініш түскенін мәлімдеді.
Алайда судья сотталушының денсаулық жағдайына байланысты сот отырысын кейінге қалдырды. Басты сот талқылауының нақты қашан өтетіні әзірге белгісіз.
Еске салайық, қайғылы оқиға 2026 жылдың 11 қаңтары күні кешкі уақытта Шымкент қаласында болған. Тергеу мәліметінше, 21 жастағы Нұрай Серікбайды танысы пышақтап, оқиға орнынан бой тасалаған. Күдікті екі күннен кейін қолға түсті.
Қазіргі таңда оған Қылмыстық кодекстің 125-1-бабы («Некеге тұруға мәжбүрлеу»), 115-1-бабы («Сталкинг») және 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы («Аса қатыгездікпен адам өлтіру») бойынша айып тағылған.