Ал жұмысты үйлестіруді министрліктің медициналық-психологиялық қызметі жүзеге асырады.
Төтенше жағдай кезінде адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғаумен қатар, олардың психологиялық жай-күйіне қолдау көрсету де маңызды міндеттердің бірі саналады, деп хабарлайды sn.kz ақпарат порталы.
Қазақстанда табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен тұрғындарға, олардың жақындарына, сондай-ақ құтқару жұмыстарына қатысатын азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне шұғыл психологиялық көмек көрсету тәртібі қолданылады.
Төтенше жағдайлар министрлігінің қолданыстағы қағидаларына сәйкес, мұндай көмекті ұйымдастыру төтенше жағдайды жою жөніндегі жедел штаб басшысының құзыретіне жатады. Ал жұмысты үйлестіруді министрліктің медициналық-психологиялық қызметі жүзеге асырады.
Психологтар оқиға орнына келген сәттен бастап зардап шеккен азаматтармен, хабар-ошарсыз кеткендердің туыстарымен, қаза болғандардың жақындарымен және құтқару жұмыстарына қатысып жатқан қызметкерлермен жұмысқа кіріседі. Ең алдымен адамның психологиялық жағдайы бағаланып, өткір күйзеліс белгілерінің бар-жоғы анықталады.
Мамандардың негізгі міндеті – адаммен байланыс орнату, үрей мен қорқынышты азайту, эмоционалдық тұрақтылықты қалпына келтіруге көмектесу. Егер көрсетілетін көмек психологтың құзыретінен тыс болса немесе адамның жағдайы ауыр күйінде қалса, ол медицина қызметкерлеріне жіберіледі.
Төтенше жағдай кезінде психологтар Денсаулық сақтау министрлігі, Ішкі істер министрлігі, жергілікті атқарушы органдар, сот-медициналық сарапшылар және әлеуметтік қызметтермен бірлесіп жұмыс істейді. Бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс та министрліктің немесе аумақтық бөлімшелердің баспасөз қызметі арқылы жүзеге асырылады.
Балаларға психологиялық көмек көрсету кезінде олардың жас ерекшеліктеріне ерекше көңіл бөлінеді. Заңды өкілдері немесе туыстарының қатысуымен психологтар ойын элементтері мен сурет салу сияқты әдістерді қолданады. Егер баланың қасында жақындары болмаса, оған қауіпсіз орта қамтамасыз етіліп, психологиялық қолдау көрсетіледі.
Ал мүгедектігі бар адамдармен жұмыс істеу барысында олардың физикалық және физиологиялық ерекшеліктері ескеріледі. Қажет болған жағдайда арнайы техникалық құралдар, ым-ишара немесе өзге де бейімделген тәсілдер пайдаланылады.
Құтқару жұмыстарына қатысқан азаматтық қорғау органдары қызметкерлеріне психологиялық көмек төтенше жағдай аяқталғаннан кейін кемінде бес жұмыс күнінен соң көрсетіледі. Бұл кезең бірнеше бағыттан тұрады. Алдымен психодиагностикалық тексеру жүргізіліп, посттравмалық күйзеліс белгілері анықталады. Кейін профилактикалық топтық кездесулер мен жеке кеңестер ұйымдастырылады. Егер қызметкерде психологиялық жарақат белгілері анықталса, психокоррекциялық жұмыстар жүргізіледі.
Сонымен қатар, адам шығынына, денсаулыққа зиян келуіне немесе қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызған жағдайларда арнайы «Жедел желі» іске қосылады. Бұл байланыс арнасы арқылы тұрғындар қажетті ақпарат алып қана қоймай, алғашқы психологиялық қолдауға да жүгіне алады. Желіні ашу немесе жабу туралы шешімді төтенше жағдайды жою жөніндегі жедел штаб қабылдайды.
Психолог Айгүл Жақсылықованың айтуынша, төтенше жағдай кезінде адамдардың алғашқы эмоциясы – қорқыныш пен белгісіздік сезімі. Сондықтан дәл осындай кезеңде уақытылы көрсетілген психологиялық қолдау кейінгі ауыр психологиялық салдардың алдын алуға мүмкіндік береді.
«Психологтың басты мақсаты – адамды тыныштандыру ғана емес, оның қауіпсіздік сезімін қалпына келтіруге көмектесу. Төтенше жағдайдан кейінгі алғашқы сағаттар мен күндерде көрсетілген кәсіби қолдау адамның кейінгі психологиялық бейімделуіне тікелей әсер етеді», – дейді маман.
Төтенше жағдайлар қызметінің жұмысы тек ірі апаттармен немесе өртті сөндірумен ғана шектелмейді. Олар күнделікті өмірде де азаматтарға түрлі жағдайда көмек көрсетіп, адам өмірі мен денсаулығын сақтауға үлес қосып келеді.
Мұны өмірден алынған қарапайым мысалмен түсіндіруге болады. Жуырда танысымның денсаулығына байланысты саусағы қатты ісініп, қолындағы сақинасын өздігінен шеше алмай қалды. Алғашында үй жағдайында түрлі тәсілді қолданып көрдік. Саусаққа мұз басып, май жағып, жіпті пайдаланып шешуге тырыстық. Алайда ісік ұлғайған сайын сақинаны алу мүмкін болмай, жағдай күрделене түсті. Мұндай кезде сақинаны күштеп шешуге әрекет жасау саусақтың қан айналымын бұзып, денсаулыққа одан әрі зиян келтіруі мүмкін екенін түсіндік.
Содан кейін Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментіне хабарластық. Қызметкерлер біздің жағдайымызды мұқият тыңдап, бірден қаладағы бөлімшелерінің біріне келуімізді ұсынды. Барғаннан кейін құтқарушылар арнайы құралдардың көмегімен небәрі 10 минуттың ішінде сақинаны ешқандай зақым келтірмей шешіп берді. Ең бастысы – саусаққа да, сақинаға да еш зиян келген жоқ.
Бұл оқиға төтенше жағдайлар қызметкерлерінің тек апат кезінде ғана емес, күнделікті өмірде де халыққа жан-жақты көмек көрсетуге әрдайым дайын екенін көрсетті. Олардың жедел әрекеті, кәсіби шеберлігі мен адамдарға жанашырлық танытуы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды рөлін тағы бір мәрте дәлелдейді.
Сарапшылардың пікірінше, төтенше жағдайлар кезінде психологиялық көмек көрсету жүйесін жетілдіру халықтың төзімділігін арттырумен қатар, құтқару қызметтерінің тиімділігін де күшейтеді. Сондықтан мұндай жұмыстарды ақпараттық түсіндірумен, жедел байланыс арналарының қолжетімділігімен және мамандардың кәсіби даярлығымен ұштастыру ерекше маңызды.