21.07.2026, 16:20

Мәслихат депутаты әрі университет ректоры Нұрлан Серғалиев ұсталды

Фото; Stan.kz

Алдын ала мәліметке сәйкес, қазіргі уақытта жоғары оқу орнында тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Орал қаласында Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ректоры, облыстық мәслихат депутаты Нұрлан Серғалиевтің ұсталғаны туралы ақпарат жарияланды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Алдын ала мәліметке сәйкес, қазіргі уақытта жоғары оқу орнында тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Бұл туралы "Әділдік жолы" республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі Бауыржан Ахметжан Facebook желісіндегі парақшасында хабарлады. Оның айтуынша, қылмыстық істі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі тергеп жатыр.

Сондай-ақ Ахметжан университет қызметкерлеріне сілтеме жасап, Нұрлан Серғалиевтің қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталғанын және оның жұмыс кабинетінде тінту жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Қазіргі уақытта аталған оқиғаға қатысты уәкілетті мемлекеттік органдардан ресми түсініктеме күтіліп отыр.

Еске салайық, бұған дейін Қостанай қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Оразбаева да бюджет қаражатын жымқыру күдігі бойынша ұсталған болатын. Прокуратура мәліметінше, Қостанай облысы бойынша ҰҚК департаменті білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Тергеу нұсқасына сәйкес, күдіктілер өзге тұлғалармен сөз байласып, мектептерге бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген.